Өскемендегі жойқын жарылыс жұртты дүр сілкіндірді. Оқыс оқиға бүгін таңертең «Казцинк» зауытының аумағында болды. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, кәсіпорынның шаң ұстау цехында түтін сорғышты тазалау жұмыстары барысында жарылыс болып, артынша өрт шыққан. Салдарынан ондағы құрылымдар ішінара опырылған. Оқиға орнына жеке құрамның 80 қызметкері мен 16 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ қиранды астында қалғандарды іздестіру-құтқару жұмыстарына кинологтар мен медицина мамандары да тартылды. Қазір қызыл жалын толықтай ауыздықталған.
РАШИД БІЛӘЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Алдын ала мәліметтер бойынша, жарылыстан кәсіпорынның қабырғасы қирап, 120 шаршы метр аумақ опырылып түскен. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауда. Төтенше жағдайлар департаменті аталған дерек бойынша арнайы тергеу комиссиясын құрды.
Соңғы мәлімет бойынша, екі адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Тағы бес жұмысшы зардап шегіп, оның екеуі ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Ал кәсіпорынның өзге де қызметкерлерінің туыстары зауыт маңында жиналып, жақындарының амандығын тілеп отыр.
ТОҚТАРБЕК ҮЖІКЕНОВ, КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ТУЫСЫ:
Баламыздың қайда екенін де айтпай отыр. Білмейміз. Басқа қаладан хабарласып жатыр Астанадан. Ал біз отырмыз, не болғанын білмей. Уақытты созып отыр.
Төтенше жағдай салдарынан қаланың аспанын қою қара түтін басты. Облыстық Экология департаменті мамандары ауа сапасына тексеру жүргізуде.
АНДРЕЙ ЛАЗАРЕВ, КӘСІПОРЫННЫҢ ӘКІМШІЛІК МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Мұны өрт деп айтуға келмейді, бұл көбіне газ-ауа қоспасының соққысы болды. Экологиялық жағдайға тоқталсақ, ауаға тек металлургиялық шаң тарады, яғни бұл газдар емес, жай шаң. Экология департаменті мен «Казцинктің» ішкі зертханасы тексеру жүргізді, нәтижесінде зиянды заттардың шектен тыс мөлшері анықталған жоқ. Әзірге оқиғаның нақты себебін айта алмаймын, өйткені ол құтқару жұмыстары аяқталып, уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлескен тергеу жұмыстары біткенде белгілі болады.
Бұл оқиғаны Үкімет басшысы Олжас Бектенов тікелей өз бақылауына алғанын хабарлады. Қазір арнайы комиссия құрылып, тергеу жүріп жатыр.