Мазмұнға өту
· 12 қаралым

Жойқын жарылыс екі адамның өмірін жалмады

Өскеменнің аспанын түнек торлады. Бұл табиғаттың құбылысы емес, айтып келмейтін апат, шығыстағы ағайынды абдыратып қойды. Бүгін алаң-елеңде еліміздегі алпауыт «Казцинк» зауыты аумағында жойқын жарылыс болып, екі адамның өмірін жалмады. Кәсіпорынның бірнеше жұмысшысы аурухана төсегіне таңылып, өмір үшін күресіп жатыр.

Көк аспанды көлегейлеген қою қара түтін жұмысқа асыққан жұрттың зәресін алды. Таңғы сағат сегіз жарым шамасында мырыш зауытына қарасты электролиз цехының балқыту бөлімінде шаң ұстау құрылғысы жарылып, кейін өртке ұласқан. Оқиға орнына жеке құрамның 80 қызметкері мен 16 техника жұмылдырылды. Қиранды астында қалғандарды іздестіру-құтқару жұмыстарына кинологтар мен медицина мамандары да тартылған.

РАШИД БІЛӘЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Мырыш цехындағы дүмпу салдарынан ғимараттың қабырғасы опырылып, бетон құрылымдар қирап қалған. Жедел әрекет етудің арқасында қызыл жалын ауыздықталды. Мамандар әлі де үйінділерді тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимараттың 120 шаршы метр аумағы бүлінген. Оқиғаға қатысты төтенше жағдайлар департаменті арнайы тергеу комиссиясын құрды.

Белгілі болғандай, қауіпті аймақта 32 адам жұмыс істеген. Екеуі тіл тартпай кетіпті. Қаза тапқан бір азаматтың есімі белгілі болды. 43 жастағы Олжас Рамазанов кәсіпорында металлург болып қызмет еткен. Марқұмның соңында жары мен екі қызы қалды. Одан бөлек бес жұмысшы зардап шексе, екі қызметкер ауыр халде ауруханаға жатқызылды.

МҰРАТ НҰРБИКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бір науқастың денесінің 90 пайыздан астамын күйік шалған. Оның жоғарғы тыныс жолдары да зақымданған. Көзінің торлы қабығы да күйіп, посттравматикалық шок жағдайында түсті. Шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, КТ-зерттеу мен талдаулар жасалған соң, науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Екінші зардап шегуші 1974 жылы туған азамат. Оның бел омыртқасы зақымдалған. Қазір травматология бөліміне ауыстырылды.

Ал жақындарының амандығын тілеген кәсіпорынның өзге де қызметкерлерінің туыстары зауыт маңында жиналды. Олар кәсіпорын басшылығының таңнан жақ ашпағанына наразылық танытты.

ТОҚТАРБЕК ҮЖІКЕНОВ, КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ТУЫСЫ:

Баламыздың қайда екенін де айтпай отыр. Білмейміз. Басқа қаладан хабарласып жатыр Астанадан. Ал біз отырмыз, не болғанын білмей. Уақытты созып отыр.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ауысымдағы өзге қызметкерлер түгел есепке алынған. Олар дін-аман. Ал «Қазцинк» басшылығы болса, қаза тапқандардың отбасына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін жеткізді.

АНДРЕЙ ЛАЗАРЕВ, КӘСІПОРЫННЫҢ ӘКІМШІЛІК МӘСЕЛЕЛЕР ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Екі қызметкеріміздің қаза тапқанын өкінішпен хабарлаймын. Олардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз және барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Оқиға кезінде цехтың ішінде үш адам, ал көршілес бөлімде екі адам жұмыс істеп жатқан. Жарылыс толқынының қатты болғаны соншалық, көрші цехтағы жұмысшылар да зардап шекті.

Мамандар мән-жайды анықтап жатқанда, қала халқы түтіннің зардабынан алаңдаулы. Экологтар дүмпуден кейін көкке будақтаған күйенің ауа сапасына қаншалықты әсер еткенін тексеріп, қорытындысын жария етті.

ШҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қажетті талдаулар мен өлшеулер жүргізіліп, соның нәтижесінде рұқсат етілген нормалардың аздаған асып кетуі тіркелгенімен, қауіпті ластаушы заттардың бөлінуі анықталған жоқ. Халық үшін ешқандай қауіп пен тәуекел жоқ.

Бұл оқиғаны Үкімет басшысы Олжас Бектенов жеке бақылауға алғанын хабарлады. Қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалған. Төтенше жағдайдың себебі мен еңбек қауіпсіздігінің қаншалықты сақталғанын ведомствоаралық комиссия анықтайды.

← Барлық жаңалықтар