Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Ерлік ұмытылмайды

Ерлік ұмытылмайды. Ол өз бағасын ерте ме, кеш пе, бәрібір алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыста көзге түскен Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын берді. Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені марқұмның ұрпақтарына табысталды. Ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен Кенжебай Мәденов 1945 жылы 29 сәуірде жауынгер досы Константин Громовпен бірге Қызыл Ратуша ғимаратына жеңіс туын ілген. Ардагер майдан даласына 1943 жылы аттанды. Ол уақытта Кенжебай Мәденов 18-ге де толмаған бозбала екен. Батырымыз соғысқа алыну үшін жасы жөнінде жалған мәлімет берген. Себебі Кенжебай Мәденовтің фашистермен жеке есебі бар еді. Өйткені бұған дейін оның үлкен үш ағасының екеуі соғыс даласында опат болған. Жас болса да бас бола білген ардагерге ұрыс даласында взводты басқару мәртебесі берілген. Ал Берлинге барар жолда Кенжебай Мәденов жанқиярлығымен көзге түсіп, оған ерлігі үшін екі Қызыл Жұлдыз ордені табысталыпты. Десе де соғыс аяқталған соң ардагер арнайы қызмет бөліністерінде еңбек етіп, майдан жылдары жөнінде ашып әңгіме айтпаған екен.

МАХАМБЕТ МӘДЕНОВ, КЕНЖЕБАЙ МӘДЕНОВТЫҢ ҰЛЫ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ АРДАГЕРІ:

Біздің отбасыда соғыс туралы мүлде сөз болмайтын. Нақты тақырып еш уақытта қозғалған емес. Мәселен, басқа балалар әкесін түнде ертегі айтатын уақытта сұрақтың астына алады. Қашан, кімдермен ұрыс жүргіздіңдер, неше фашист өлтірдіңдер деген сияқты. Маған да осы сауалдар қызық еді. Бірақ мен әкемнен сұрақ қоймаппын. Әлі күнге дейін өкініш бар.

Қарапайымдылықтың үлгісі шығар, Берлиндегі ерлігі үшін қарулас досына Кеңес Одағының Батыры атағы берілген уақытта ардагер бұл деректі тіс жарып, жан баласына айтпаған екен. Отбасы мүшелері де, әріптес достары да бұдан бейхабар болған. Ал ерлік жөнінде барлығы Маршал Жуковтың кітабынан оқып, танысыпты. Сол уақытта Қызыл Ратуша ат шаптырым аумақты алып жатқан Берлиндегі екінші ірі ғимарат болған. Үлкендігі жағынан Рейхстагқа ғана жол береді екен. Ал тығырыққа тірелгендер жеңіс туын қалай қызғыштай қорығанын аңғару қиын емес. Кенжебай Мәденовтің взводы кескілескен ұрыста ғимаратты танкімен бұзып, қою қара түтіннің ішінде атойлап жүріп нысанды басып алған.

← Барлық жаңалықтар