Адамнан айла артылған ба? Өзгенің ауруын «пайдаланып» ақша тапқандар ұсталды. Елімізде 167 азамат мүгедекпіз деп мемлекеттен жәрдемақы алып отырыпты. Олар комиссия мүшелерімен ауыз жаласып, бөтен кісінің медициналық картасын қолданған. Құжатта тек аты-жөні мен жеке деректерін өзгертіпті. Ал ауруы, оның тарихы мен комиссияның қорытындысы сол қалпында қалған. Мұндай былықтар 6 облыспен қоса Алматы мен Шымкент қаласында әшкереленген. Жауапты министрлік жаппай тексеріске көшті.
МИРАС ҒАБДОЛХАЕВ, ҚР ЕХӘҚМ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Анықталған бұзушылықтардың негізгі үш түрі бар. Бірінші — пациенттердің бірдей мазмұндағы көшірме медициналық құжаттарының рәсімделуі. Екінші — бірнеше адамда зертханалық зерттеу нәтижелері мен маман қорытындыларының толық сәйкес келуі. Үшінші жағдай — медициналық құжаттардың мазмұны сақтала отырып, тек пациенттердің жеке деректері мен тексеру күндерінің өзгертілуі.