Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Марқұмдардың отбасына өтемақы беріледі

«Қазцинк» жарылыстан қаза тапқандардың отбасына қомақты өтемақы төлейді. Компанияның мәліметіне сүйенсек, қапыда мерт болған екі қызметкердің жақындарына он жылдық жалақылары көлемінде өтемақы беріледі. Олжас Рамазанов пен Ержан Қамалиевті жерлеуге кететін шығындарды да кәсіпорын өз мойнына алмақ. Сонымен қатар мырыш зауыты марқұмдардың отбасына ұзақ уақыт бойы қолдау көрсетіп, балаларының жоғары оқу орындарындағы білім алу ақысын төлеп береді. Емделіп жатқан жұмысшыларға да арнайы көмек қарастырылған. Кәсіпорындағы апатқа байланысты ауа сапасы да тексеріліп, сынамалар өңделіп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс дәлізінде мәлімдеді.

САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әрбір талдау үшін белгіленген зертханалық рәсімдер бар. Бүгінгі күннің өзінде нәтижелер дайын болады деп ойлаймын. Егер алынған сынамалар бойынша ауаға зиянды қалдық бөлінсе, төтенше жағдай салдарынан қоршаған ортаға келген залал есептеледі.

← Барлық жаңалықтар