Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Шаруалар топыраққа жауап береді

Мұнай мен сирек металдардан да маңызды стратегиялық ресурс бар. Мәжілісмендер «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын талқылады. Соңғы дерек бойынша, ел аумағының 75 процент жері әр түрлі деңгейдегі деградацияға ұшыраған екен. Бұлай жалғаса берсе, адамзатты асыраған жер-ана түкке жарамай қалуы мүмкін, дейді депутаттар. Сол себепті құжаттың негізгі мақсаты – топырақты басқару, қорғау және оның құнарын сақтау мәселелерін бірыңғай заң аясында жүйелеу.

НҰРЖАН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Топырақ жағдайын, жерді қашықтан бақылау және жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, кешенді мониторинг жүйесі енгізіледі. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру 100 пайыз аяқталды. Цифрлық карталар дайындалды. Заң қабылданғаннан кейін шаруаларға жер телімдерінің шекарасымен қоса, топырақ сапасының ақпараттары көрсетілетін цифрлық паспорттар берілетін болады.

Соған сәйкес, болашақта шаруалардың өздері топырақ жағдайына тұрақты түрде агрохимиялық талдау жүргізеді. Егер зерттеу деректері бірыңғай базаға енгізілмесе, онда мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Ал жердің сапасы төмендеген жағдайда фермерлер жауапкершілікке тартылады екен. Әзірге елде топырақ құнарлығының нашарлағаны үшін заң алдында жауап берген диқан жоқ.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бізде жан-жануарларды қорғаймыз, су ресурстарын қорғаймыз, жер асты байлықтарын қорғаймыз, өсімдіктерді қорғау туралы заң да бар, ал топыраққа келгенде ол заң жоқ болып шықты да. Және ол басқа заңдарда шашырап жатыр. Сондықтан оның бәрін біріктіріп, арнайы өзіміз аяғымызбен басып жүрген жерімізді қорғау туралы заңды қабылдау дұрыс деп есептеймін.

← Барлық жаңалықтар