Біреудің қайғысынан біреудің қалтасы қампайып жатыр. Қызылорда облысының 16 жастағы тұрғынын анасы онкологиядан емдетуге Үндістанға апарған. Бірақ жеткіншектің ем-домы басталмай жатып-ақ жүректің тамыры үзіліп, көз жұмыпты. Ұлының соңғы демі шыққанда қасында болған анасы бар жиған-тергенімді делдалдар сыпырып алып, қайтармай қойды дейді. Баласынан да, бар ақшасынан да айырылған ана тауы шағылып прокуратураға келді.
Райхан Маликова шетелден сүйегін әкеліп, кенже ұлын жерлегеніне жарты ай уақыт өтсе де әлі есін жия алар емес. Қызылордалық дәрігерлер 16 жастағы ұлының қатерлі ісікке шалдыққанын айтқанда, күйзеліске ұшыраған отбасы бар жиған-тергенімен Үндістанға жол тартады. Ондағы дәрігерлер жаман ауруды емдеуге енді кіріспек болғанда, жасөспірімнің жүрек қан-тамыры жарылып, көз жұмады. Марқұмның анасы ұлымның жүрегінде ақау барын білмедік дейді. Арнайы тексерістен өткізген ақ халаттылар да бұл жайында ештеңе айтпапты.
РАЙХАН МАЛИКОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
Бұл тромб ПЭТ КТ-да тұрады екен. Сонда біздікін оқыған да жоқ, қараған да жоқ. Баламды анау Алматыға лақтыра салды. Тек онкология, 4-ші стадия деді де исследовательский институтқа лақтыра салды.
Алматыдағы зерттеу институтының химия-терапиясына көнбеген отбасы ұлдарын шетелге апарып емдетуді жөн көрген екен. Әлеуметтік желі арқылы делдал адамдарды тауып, несие алып, ақшаны сол азаматтарға беріпті. Олар болса, қаржысын төлесең болды, қонақ үйге орналастырып, емханаға апарып, тілмаш тауып береміз, тамақпен де қамтамасыз етеміз депті. Бірақ арнайы келісім-шартқа отырмапты.
РАЙХАН МАЛИКОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:
Кредит алып, соның барлығы Үндістанда қалды ғой. Балам қайтыс болып жатқан кезде карточкамды алды да Жұлдыз, Фарангиз деген екі аудармашы, балам қайтыс болып жатқан кезде ешқандай көмек көрсетілген жоқ. Балам таксиде үзіліп кетті. Ойбай, ананы үйтті де бүйтті деп, қолымдағы карточканы алып, телефон кодты айт деп, өзім стресс-шокта болып жатқанымда ақшамды сыпырып алды. Ішінде пәленбай миллион ақшам бар еді.
Ал Үндістанда қазақстандықтарды күтіп алған делдал компанияның құрылтайшысы артық бір теңге алмадым дейді. Шетелдік емханадан қаржыланамыз деген олар емделуге келгендер тек медициналық қызметтерге ғана төледі деп ақталды.
ГҮЛЖАЗИРА ҮРГЕШБАЙ, MEDICAL TRAVEL КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:
Пациент келеді, келгеннен кейін қан анализі тапсырылады ма, соған төлейді. Мен де, менің переводчигім де пациенттің карточкасын алмаймыз. Және де қолма-қол біз олардан ақша алмаймыз. Барлығы видеокамерада бар. МРТ-дан өтті, биопсия алынды. Ол бойынша барлығы өзінің қолымен төленген.
Ортақ мәмілеге келмегендіктен енді бұл мәселені алдағы уақытта прокурорлар қолға алмақ. Марқұм Сұңқар Сәбиттің анасы облыс орталығына келіп делдалдардың үстінен арыз түсірді.
РАУШАН МАЙГЕЛЬДИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Азаматшаға жалпы Қызылорда қалалық полиция басқармасына барып, арыз жазу керек болады. Сол арыздың нәтижесінде және бізге тіркелген арыздың нәтижесінде жан-жақты мән-жайдың барлығы тексеріледі. Содан кейін тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Қайғыдан қан жұтқан әйел бұл істі аяқсыз қалдырмаймын дейді. Ендігіде бұл мәселемен құзырлы орган өкілдері айналысатын болады. Сұңқардың жүректегі қан тамырларының бітелгендігі қаншалықты рас екенін тексеру көрсетеді.