Мазмұнға өту
· 18 қаралым

Ондаған тұрғынды құтқарған полицейлер марапатталды

Ерліктері еленді. Шахтинскіде өз өмірін қатерге тігіп, ондаған тұрғынды өрттен аман алып қалған бес полицей марапатталды. Қызметтік борышын өтеу кезінде жарақат алған сақшыларды құттықтап, «Ерлігі үшін» медальдарын табыстау үшін Ішкі істер министрлігінің департамент бастығы Олжас Мырзабеков өңірге арнайы барды. Қазір денелерін күйік шалған қызметкерлер қалалық ауруханада ем-дом алып жатыр. Кездесу барысында жауапты тұлға Мемлекет басшысы мен бас полицейдің атынан бейбіт күннің батырларына алғыс білдіріп, жанқиярлығы мен батыл қадамдары жоғары бағаланғанын атап өтті. Еңбегі еленгендердің арасында Руслан Тазиев, Асхат Бердібеков, Нұргелді Құлжабеков, Ерназ Өскенбай мен Дулат Ситахметов есімді полиция қызметкерлері бар. Сақшылардың өзі «сол сәтте уақытпен де, қауіппен де санасқан жоқпыз, біз үшін ең бастысы адам өмірін сақтап қалу болды» деп қысқа қайырды. Еске салайын, 23 наурыз күні Шахтинск қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, артынша өрт шыққан еді. Оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен полиция қызметкерлері тұрғындарды жедел эвакуациялап, адам өмірін құтқару кезінде түрлі дене жарақатын алған болатын.

← Барлық жаңалықтар