Мазмұнға өту
· 15 қаралым

Әскери қызметкерлер баспаналы болды

Қарулы күштер сапындағы әскери қызметкерлер ерекше қуанған күн. Отан қорғаушы күнінде Астанада бір топ погонды сарыла күткен баспанаға қол жеткізді. Пәтер кілтін бір топ жауынгерге Жоғарғы бас қолбасшының атынан Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың өзі табыстады. Бұл игі шара – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрмет пен қолдаудың айқын көрінісі. Су жаңа баспанаға ие болған 15 әскери қызметші мен олардың жақын туыстары үшін бұл ерекше қуаныш пен үлкен көмек. Жаңа үйде тұрмысқа қажет дүниенің барлығы бар екен. Пәтерге жөндеу жұмыстары жасалып, жаңа жиһаз бен тұрмыстық техникалар да қойылған.

РАУШАН ИБАДУЛЛАЕВА, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ЖҰБАЙЫ:

Біздің отбасымызда үлкен қуаныш. 17 жыл армандаған баспанамызға қол жеткізіп отырмыз. Балаларымыздың несібесіне бүгін үлкен шаңыраққа ие болып отырмыз. Қонысымыз берекелі, құтты қоныс болсын. Жұғысты болсын басқаларға.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қамқорлық әскери қызметтің беделін арттырып, жауынгерлердің ел алдындағы жауапкершілігін одан әрі нығайта түседі. Жаңа қоныста шашу шашылып, үлкен кісілер бата берді. Бүгінде Қазақстанның айбынды әскері батыр бабалардың даңқты жолын лайықты жалғастырып келеді. Әскери қызметшілеріміз – қасиетті Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын кірпік қақпай күзетіп тұр.

ДӘУРЕН ҚОСАНОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Қос мереке тоғысында сіздерге жаңа пәтердің кілттерін табыс еткелі отырмыз. Бұл іс-шара мемлекет тарапынан Отан қорғаушыларға деген шынайы құрмет пен қамқорлықтың белгісі. Бүгінгі беріліп жатқан пәтерлер сіздердің Отанға адал қызмет етуге қажырлы еңбектеріңізге берілген лайықты баға. Кілт табыс етілген шаңырақта ертең ел тізгінін ұстайтын, ата-баба дәстүріне адал, рухты ұрпақ өсіп жетілетініне сенемін.

← Барлық жаңалықтар