Кәсібін дөңгелете алмаған 200 мыңнан астам азамат такси мен курьер қызметіне ауысуы мүмкін. Ұлттық экономика министрлігі бұл деректі растап отыр. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында шамамен 208 мың жеке кәсіпкер қызметін тоқтатыпты. Ал былтыр бұл көрсеткіш 83 мың болған. Жауаптылардың айтуынша, басты түйткіл тығырыққа тірелген бизнесменге нақты диагноз қойып, жол сілтейтін орталықтың тапшылығында екен. Бұны байқаған ақ жағалылар енді оларды банкроттықтан сақтап, түрлі кедергілерін саралап беретін жаңа орталық құрмақ.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Бизнес тоқырауға ұшырағанда кәсіпкерлер көбіне мәселесімен бетпе-бет жалғыз қалады. Бізге кәсіпорынның ішкі мәселелерін анықтап, басқару жүйесіндегі шикіліктер мен сыртқы кедергілерді саралап беретін сарапшылар институты қажет. Сондықтан біз «Даму» қоры аясында арнайы оңалту орталығын ашуды қолға алдық. Бұл орталық бизнесті жабудан сақтап, оны қайта аяққа тұрғызудың жол картасын ұсынатын болады.