Әп-сәтте 100-ден аса адамның өміріне қауіп төнді. Бүгін Астанадан Франкфуртқа бет алған Air Astana-ның ұшағы күтпеген жерден Ақтөбеге қонуға мәжбүр болды. Басында бәрі дұрыс көрінген: Airbus көкке көтеріліп, қажетті биікке шыққан. Бірақ аздан соң пилоттар бір қозғалтқыштың бұзылғанын байқапты. Дереу жердегілерге хабар беріп, апатты жағдайда қонатынын ескерткен. Хабар алысымен құзырлы органдардың 100-ге жуық адамы әуежайдың қосалқы айлағында сақадай-сай тұрған. Ішінде төтенше жағдай қызметі мен әскери бөлімдердің және апатты медицина орталығының мамандары бар. Құдай оңдап, бортында 93 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі бар ұшақ аман-есен қонды, зардап шеккендер жоқ. Енді оқыс жайтты Көлік министрлігі тергеп-тексеріп жатыр. Бұл жағдай ресми түрде «ауыр авиациялық оқиға» ретінде тіркеліпті.