Ақтөбе облысындағы «Әлімбет» шекара бақылау-өткізу бекетін жаңалап жатыр. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында шекарадағы нысандарды жаңғырту мен олардың мүмкіндіктерін арттыру мәселесіне ерекше назар аударған еді. «Әлімбет» бекеті Қазақстан мен Ресей арасындағы маңызды көлік дәліздерінің бірі. Қазір мұнда құрылыс қарқын алған. Бірақ бұл бекеттің күнделікті жұмысына кедергісін келтірмейді екен.
ҚҰРМАНҒАЗЫ ИСМАЙЛОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұрынғы осында тұрған ескі ғимарат толығымен бұзылып, содан бері 151 мың шаршы метр жерде жер жұмыстары атқарылды. Осында жеткізіліп, тапталып, қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 35 маман және 11 бірлік техника ұйымдастырылған. Сол 35 маманның ішінде жергілікті мамандар да қызмет атқаруда.
Жобаға сәйкес, жаңа бекеттің басында жаңа әкімшілік ғимарат, инспекциялық тексеру кешендері және қызметтік иттерді ұстауға арналған орын болады. Нысан толық іске қосылғаннан кейін шекарадағы көлік өткізу қабілеті артып, бақылау жүйесі заманауи форматқа көшеді. Жауаптылар құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.