ВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР ҮЙЛЕРІНЕ АТТАНДЫ
Жер шарын аралаймыз деп, бортында хантавирус деп аталатын індет өршіп, басы дауға қалған «Хондиус» лайнері Испанияның Тенерифе аралының маңына тоқтады. Кеме бортындағы 147 жолаушы өз елдеріне жіберілді. Қауіпті дертпен бетпе-бет келген азаматтар лайнердің бөлмесінде бірнеше тәулік қамалып қалған. Алып круиз кемесі Гранадилья портында тұрақ тапты. Испания денсаулық сақтау министрі Моника Гарсияның сөзінше, азаматтарды эвакуациялау жұмыстары алдын ала бекітілген жоспарға сай жүзеге асқан. Арнайы құтқару операциясының алғашқы тәулігінде 19 елдің 94 азаматы үйлеріне қайтарылды. Ал АҚШ билігі 17 азаматына әуежайға қонған бетте ПТР тест тапсыртқан. Тіпті ақ халаттылар бір жолаушыдан хантавирустың белгілерін тауыпты. Ауру жұқтырған азамат Небраска штатындағы медициналық мекемеге жеткізілді. Айта кету керек, круиз саяхаты Аргентинадан басталды. Сапар уақытында 3 жолаушы індеттен көз жұмды. Десе де, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус хантавирустан қорқудың қажеті жоғын мәлімдеп, жаһан елдерін сабырға шақырды.
Жапония инфрақұрылымынан да ақау шығады. Күншығыс елінде пойыздардың қозғалысы тоқтатылды. Отарбаларға Токайдо желісімен Токио, Йокогама мен Синагава бағыттарына қатынауға шектеу қойылды. Пойыздардың жаппай қаңтарылып қалуына болмашы бір жағдай себеп болған. Демалыс күндері рельстердің біріне белгісіз жолаушы спрей сепкен көрінеді. Қауіпсіздік қызметінің мамандары бейнебақылау камерасы арқылы деректі анықтап, шұғыл шара қабылдады. Ал жақын маңдағы станцияға құтқарушылар мен 20 жедел жәрдем көлігі келіп, тұрғындарды көшіре бастады. Десе де, бұзақының қоршаған ортаға қандай зат сепкені белгісіз. Құзырлы орган тексерісті бастап кетті. Ал мамандар пойыздардың барлық вагонын тазалауға кірісті.
ҰШАҚ АДАМ ҚАҚТЫ
Америкада төтенше оқиға. Денвер қаласының әуежайында сұмдық жағдай тіркелді. Frontier Airlines әуе компаниясының ұшағы ұшу-қону жолағында адам қағып кетті. Қайғылы оқиға өткен аптаның соңында болыпты. Ажалына асыққан азамат ұшу-қону жолағын жаяу кесіп өтпек болған екен. Дәл сол уақытта Airbus лайнері кезекті рейске көкке көтерілген. Алып техника адамды қағып, өзі де апатқа ұшырай жаздады. Оқыс жағдайдан кейін лайнердің қозғалтқышының бірінен ақау шығып, ұшақ бортын көк түтін басқан. Ал әуе кемесінде 224 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі отырған.
ОРМАН ӨРТІ ТАҒЫ БАСТАЛДЫ
Былтыр ғана Калифорниядағы алапат өрттен миллиардтаған доллар шығынға батқан АҚШ билігінің басына тағы да қара бұлт үйірілді. Бұл жолы қызыл жалын Майами аумағындағы жасыл желектерді тып-типыл етті. Десе де, өрттің аумағы қатты үлкен емес. Майами-Дейд пен Бровард қалаларында қазір қауіпсіздік талаптары күшейтіліп, құтқарушылар тәулік бойы жұмыс кестесіне ауыстырылды. Соңғы деректерге сүйенсек, тілсіз жау 2 мың гектар аумаққа таралып үлгерді. Штат билігі опат болғандар туралы дерек әлі түспегенін айтады. Ал тәртіп сақшылары азаматтарға өрттің қауіпті кезеңінде табиғат аясына шықпай, үйлерінде отыруға кеңес береді.