Елімізде үш жаңа орден пайда болады. Мәжіліс Президент тапсырмасын іске асыру үшін әзірленген мемлекеттік наградалары туралы заңға түзетулерді мақұлдады. Бұл өзгерістер аясында отандық ғылымның хас серкелері «Әл-Фараби» төсбелгісін тақса, руханиятты байытқан бірегей қайраткерлер мен ғұлама ғалымдар «Қожа Ахмет Яссауи» орденімен ұлықталады. Ал қоғамда әлеуметтік жауапкершілік танытқан ең жомарт жандарға «Мейірім» марапаты бұйырады. Айта кетейік, бұл тарихи ордендер алғаш рет Республика күні қарсаңында салтанатты түрде табысталмақ.
ГҮЛЗАТ КӨБЕНОВА, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Бұл ордендерді марапаттау ережеге сәйкес жүзеге асырылады. Уәкілетті орган мен Үкімет тарапынан Мемлекет басшысына ұсыныстар енгізіледі. Білім, ғылым, мәдениет және рухани өмір саласында ерекше еңбек сіңірген азаматтар қарастырылып, үміткерлердің еңбек өтілі, ғылым саласындағы жетістіктері, тәрбиелеген шәкірттері мен ел дамуына қосқан үлесі жан-жақты сараланып, тиісті ұсыныстар беріледі.