Елімізде тек түркі елдерінің басшылары ғана бас қосқалы отырған жоқ. Шахмат турнирінен бауырлас елдердің оғландары бақ сынап жатыр. Мұндай сайыс елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Мүлгіген бұл тыныштық – шахмат тақтасындағы тастар тартысы ғана емес, қатысушылардың үнсіз ой шайқасы. Мұнда әр спортшы тыңнан түрен салмай-ақ, қарым-қабілетін паш етіп отыр. Ең бастысы – түркі елдері арасында тұңғыш рет өтіп жатқан жарыс ертең Түркістанда болатын саммитпен тұспа-тұс келген.
ТИМУР ТУРЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Меніңше, бұл достық пен нығайып келе жатқан ынтымақтастықтың айрықша белгісі. Іс-шараның Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері саммитімен сәйкес келуі де үлкен мәртебе. Бұл әр өңірдің ең мықты шахматшыларын бір арнаға тоғыстыратын тамаша мүмкіндік. Сондай-ақ түркі дүниесіндегі жетекші шахмат федерацияларын жинап, өзара байланысымызды нығайтуға жол ашады. Бастысы, спортшыларымызға тәжірибе алмасып, түркі әлемінің үздік шахматшыларымен бақ сынауға мүмкіндік береді.
Сайыста Әзербайжан, Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан келген қыз-жігіттер шеберлігін көрсетіп жатыр. Чемпионат ерлер, әйелдер және 16 жасқа толмаған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған. Додаға отандық ойыншыларымыз сақадай сай дайындалғанын айтты.
САУАТ НҰРҒАЛИЕВ, ШАХМАТТАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ:
Осы жарыс маған өте маңызды. Мен 16 жасқа дейінгі командаға ойнаймын. Және әлем чемпионатына қатысамын.
ЗАРИНА НҰРҒАЛИЕВА, ШАХМАТТАН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ:
Бүгін біз бірінші турды Өзбекстанмен, екінші турды Қазақстанмен, үшінші турды Әзербайжанмен ойнаймыз. Түркі елдері арасынан бұл бірінші рет өтіп жатыр. Сол үшін маңызды деп ойлаймын. Және менің келесі турнирім әйелдер арасындағы Азия чемпионаты.
Сондай-ақ сайысқа қатысушылардың қанжығасы бос қайтпайды. Ұйымдастырушылар жеңімпаздарға арнайы жүлде қорын дайындаған.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
27 млн жалпы жүлде қоры болып табылады. Ерлер мен әйелдерге 10,5 миллионнан, ал балаларға 6 млн теңге жүлде қоры беріледі. 21 команда, әрбір секцияда 7-7 командадан қатысып, ойнап жатыр.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бауырлас елдер арасындағы бұл сайыс – тек бастамасы. Алдағы уақытта да ынтымақтастықты нығайтып, шахматтың шаршы әлемінде достық пен шеберліктің жаңа белесін бағындыруды жалғастыра бермек.