Мазмұнға өту
· 8 қаралым

ЖИ-ды білген жеңеді

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» дейтін бұрын. Енді бұған ЖИ-дің тілін қосып қойыңыз. Бірінші қыркүйектен бастап елімізде 500 мектептің оқу бағдарламасына жасанды жады енгізіледі. Жуырда мемлекет басшысы орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Цифрландыру дәуірі білім берудегі дәстүрлі үрдісті ығыстырып тастамай ма? Ұстаздар ЖИ-мен «достасуға» дайын ба?

Ақтөбедегі Ә. Кекілбаев атындағы мектеп-лицейінің ұстаздары мен оқушыларына дейін жасанды интеллект ұғымы таңсық емес. Өйткені білім ордасы IT бағытындағы мектеп-лицей. Жасанды жадыны күнделікті сабақтан бөлек, мектептің тыныс-тіршілігі, тәрбие, ұйымдастыру жұмыстарында әлдеқашан қолданысқа енгізіпті.

НҰРГҮЛ ЖҰМАҒҰЛОВА, Ә. КЕКІЛБАЕВ АТЫНДАҒЫ IT МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жалпы, жасанды интеллекттің принципі – ол көмекші. Ол ешқашан адамзаттың барлық жұмысын алмастыра алмайды. Бұл – тек қана жеңілдетуші. Мысалы, біздің оқу процесімізде мұғалім ретінде айтсам, сабақ барысындағы мұғалімнің рутинасын азайтуға көп көмектесті. Жалғыз ғана көрнекіліктер жасау емес, мысалы, баланың оқу траекториясын жүйелі түрде анализ жасауға маған ЖИ көмектеседі.

Мектеп-лицейдегі ұстаздар жасанды интеллектіні жатырқап, жұмысымызды «тартып» алады деп ойлаудың қажеті жоқ дейді. Керісінше, жұмысын әлдеқайда жеңілдеткен. Оқушылар да әбден меңгеріп алыпты. Мысалы, 9-сыныпта оқитын Әлішер бізге химиялық реакцияның қалай жүретінін онлайн зертханада жасап көрсетті.

ӘЛІШЕР СЕКСЕНБАЙ, Ә. КЕКІЛБАЕВ АТЫНДАҒЫ IT МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

Жасанды интеллект арқылы әртүрлі нәрселерді жасауға болады. Химия пәні бойынша зертханалық бағдарлама. Бұл бағдарламаның жақсылығы – әрбір адам үйде отырып оны істей береді. Белгілі бір құралдар, қауіпсіздік шаралары керек емес.

Білім беру саласына жаңашылдықты енгізудегі мақсат – мектептегі оқыту процесін икемді, әрі тиімді ету. Жасанды интеллект әр баланың деңгейі мен ерекшелігіне сай тапсырма беріп, оның қабілетін ашуға көмек құралы болуы тиіс. 1 тамызға дейін пилоттық жобаға қатысатын мектептер қажетті техникалық құралдармен және жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіледі.

← Барлық жаңалықтар