Жылына бір-ақ рет келетін ерекше түн. Қадір түні емес, музей түні. Өнерсүйер қауым да оны асыға күтеді. Өйткені бұл уақытта тарихтан сыр шерткен көрме залдарына жан бітіп, түн ортасына дейін есігін айқара ашып қояды.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Әдетте музей табалдырығын аттағанда бізді сілтідей тынған тыныштық пен жәдігерлерге тиісуге болмайды деген қатал тыйымдар қарсы алатын. Бірақ бүгін емес. Жылына бір-ақ рет келетін осынау тылсым түнде уақыт керуені артқа шегініп, көне тарих бүгінгі күнмен тілдескендей. Сағат тілі түнгі онды көрсетсе де, мұндағы тіршіліктің тамыры енді соға бастағандай.
Руханият мекеніне ағылған елордалықтардың қарасы қалың. 17 мыңнан астам адам бір түнде өнер әлеміне саяхат шекті. Келушілер жәдігерлерді жай ғана тамашалап қоймай, осы түннен ерекше шабыт іздеді. Тіпті арасында «жыл құсындай бір-ақ келетін сәтті жібермейін» деп, қылқаламы мен ақ қағазын арқалай келген жас өнерпаздар да көп. Олар көрме залында тапжылмай отырып, көне тарихтың тынысын қағаз бетіне көшірді.
ЭЛЬЗАРА ДАНИЯРОВА, СТУДЕНТ:
Осындай шара менің өмірімде бірінші рет болып жатыр. Сондықтан бұл мен үшін өте маңызды. Және осы жұмысты мен бірінші рет көргеннен кейін, маған оның динамикасы ұнады. Оның аты — «Көкпар». Негізі өзім де осындай спортқа, жылқыға, қазақы тақырыптарға өте қатты қызығамын. Сондықтан мен осы жұмысты таңдадым.
Қылқаламға қозғау салған бұл қызығушылық музей түніндегі жалғыз құбылыс емес. Расымен де, ұлттық код пен тарихқа деген мұндай махаббат бүгінгі толқынның жүрегінде тұр. Көне дәуірдің көзіндей болған жәдігерлер мен миллиондаған жылдар артта қалған тіршілік құпиясы бүгінгі бүлдіршіндер үшін де үлкен жаңалыққа айналды. Көздері шырақтай жанған өскелең ұрпақтың тарихқа деген осынау таза ынтасына қарап, аға буын өкілдері де ерекше тебіренді. Шараның тәрбиелік мәніне сүйсінген қала тұрғындары жастардың бұл бетбұрысын жоғары бағалап отыр.
ӘМІРҒАЛИ КАЗИХАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Бүгінде, міне, байқап отырмын ғой, халық өте көп. Ол жастарға үлгі, жақсы өнеге болады. Кішкентай балаларға дейін осында келіп, бәрін көріп, қызықтап жүр. Бұрын көрмеген, миллиондаған жылдар бұрын болған жан-жануарларды, сол кездегі тіршілікті көріп, қуанып жатыр. Мысалы, көріп жатыр, қызықтап жатыр.
Осыдан 10 жыл бұрын бастау алған түнгі жоба күнде бола бермейтіндіктен, халық ағылып келетіні анық. Бірақ барлығы дерлік бас сұғып, байырғы мен бүгінді байланыстыратын экспонаттарды көре бермейді. Кешегі түнде шамасы келген шалғайдағы ағайындар іс-шараға арнайы келіпті. Ал келе алмағандарға басшылық музейді онлайн көретін жүйелерді әзірлепті.
БЕРІК ӘБДІҒАЛИҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бірақ жалпы цифрландыру бойынша бізде музей қорын көрсету, экспонаттарды e-museum сияқты бағдарламалар арқылы әркім үйінде отырып музейге тур жасай алады. Заттарды айналдырып көре алады. Осындай көптеген цифрлық технологиялар қазір қолға алынып жатыр.
Бәрін айт та, бірін айт, музейдің ішкі күйін айт деп, руханияттың отанына жиналғандар сағат түнгі 12-де бір-ақ қайтты. Болған жария жайттан жиналған ақпаратты, көпшілікке кәде болсын деп біз де тараттық. Ұлттық руханиятты жерге қаратпай, тарихтан жиғанымызды жан-жаққа таратпай, мұра етіп сақталған ғимараттың есігін қараша да өз рухани қазынасы үшін жиі қағып тұрса екен.