Түркияда қанды қылмыс. Бауырлас елдің оңтүстігіндегі Мерсин қаласында тал түсте қаруланған адам мейрамханада отырғандарға оқ жаудырды. Салдарынан 4 адам опат болып, 8 тұрғын ауруханаға жеткізілді. Ал Иран билігі АҚШ-пен келіссөздер бойынша үндеу жасады. Ислам Республикасының президенті Масуд Пезешкиан бітімгерлік тақырыбы соғыста жеңілуді білдірмейтінін атап өтіпті. Осылайша, ресми Тегеран еш уақытта тізе бүкпейтінін ашық айтып отыр.
ИТТІҢ ЕТІН САТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ. ОҢТҮСТІК КОРЕЯ
Халқы иттің етін сүйсініп жейтінімен танымал Оңтүстік Кореяда жаңа тәртіп. Кәрістер туристерді шошытып алмау үшін кезекті заң қабылдады. Таңғы жұпар елінде алдағы уақытта иттің еті өндірісі толық жабылады екен. Сиясы кеппеген ереже 2027 жылдан бастап күшіне енеді. Десе де жануардың етін жеуге 2024 жылдан бастап шектеу қойылса да, құжат толығымен келесі жылы жұмыс істей бастайды. Яғни, 7 ақпаннан бастап Оңтүстік Кореяда иттерді бағуға, союға, сатуға заңмен тыйым салынады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, осы уақытқа дейін Кореяда иттің етімен айналысатын фермалардың 80%-ы жабылып тынған. Ал мемлекет аумағында ит өсіретін 1537 шаруа қожалықтың тек 272-сі қалған. Олардың жұмысын билік жазда толық тексерейін деп отыр.
50 ОҚУШЫ ҰРЛАНДЫ. НИГЕРИЯ
Нигерияда бала ұрлығы тыйылмай тұр. Басынан бақайшағына дейін қаруланған топ католик шіркеуіне тиесілі мектепке басып кіріп, сабақ оқып отырған 50 оқушыны алып кеткен. Шетелдік басылымдардың дерегінше, сұмдық оқиға өткен аптада болған екен. Оқиға куәгерлері қарулы топ таңғы 9-дар шамасында ғимаратқа басып кіргенін, жеткіншектерді ертіп кеткенін айтып отыр. Десе де бүлдіршіндердің бір бөлігі қауіпсіз жерге тығылып үлгерген көрінеді. Сондай-ақ, қаскөйлер білім ошағына мотоциклдермен келген. Ал полициядан қашқан сәтте балаларды қалқан ретінде пайдаланыпты. Қылмыс бойынша жауапкершілікті әзірге ешқандай ұйым өз мойнына алған жоқ. Айта кету керек, халқы 100 млн-нан асатын ірі елде бала саудасы өршіп тұр. Аймақта 100-деген жеткіншектің ата-анасы перзенттерін таппай зар илеп отыр.
ҚЫЗ ҮНСІЗ ҚАЛСА НЕКЕГЕ РҰҚСАТ. АУҒАНСТАН
Үнсіз қалған, тұрмысқа шығады. Өзінің қатаң заңдарымен танымал «Талибан» билігі тағы бір ережені бекітті. Енді Ауғанстанда қыз баланың үнсіздігін некеге келісім ретінде қарастыратын құжат қабылданды. Заңда бойжеткеннің ашық түрде қарсы болмауы тұрмысқа шығуға келісім ретінде қарастырылады екен. Бұл ретте ер адамның немесе бұрын некеде болған әйелдің үнсіздігі келісім ретінде танылмайды. Ең сорақысы, жаңа құжатта әкелер мен аталарға кәмелетке толмаған қыздарды тұрмысқа беруге құқық берілетін көрінеді. Айта кету керек, Ауғанстан әйел құқығы жиі бұзылатын елдердің көшін бастап тұр. Аймақта тіпті бұрымдыларды мектепке баруға, көшеге шығуға шектейтін заңдар бар.
МЕШІТТЕ АТЫС БОЛДЫ. АҚШ
Америкада санаулы мешіттердің бірінде атыс болды. Оқыс оқиғадан күдіктілерді қосқанда 5 адам опат болды. Қанды қылмыс елдің Калифорния штатына қарасты Сан-Диего қаласында тал түсте тіркелді. Дабыл бойынша құлшылық үйіне жеткен тәртіп сақшылары дереу әрекет етіп, азаматтарды қауіпсіз жерге көшіріп үлгерді. Ал кейіннен атыстан бірнеше адам жараланғаны белгілі болды. Олар ауруханаға жеткізілген. Құзырлы органның дерегінше, Сан-Диего қаласынан 14 шақырым жерде мешіттен бөлек арнайы мектеп бар екен. Білім орталығында ондаған оқушы болған. Жеткіншектерге белгісіз топ араб тілінен дәріс өткізгені анықталды. Ал құлшылық үйіне шабуыл жасаған екі күдікті қашып құтылмасын біліп, өз-өздеріне қол салған.