Мазмұнға өту
· 3 қаралым

Омбыдағы ҚазҰУ филиалына сұраныс артып келеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ресейде ашылған филиалы алғашқы оқу жылын сәтті аяқтады. Екі ел басшыларының тікелей қолдауымен жүзеге асқан бұл бастама Омбыдағы қазақстандық жоғары оқу орнының алғашқы бөлімшесі. Қазіргі таңда мұнда халықаралық құқық, кеден ісі, қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша маман даярланып жатыр. Бірінші курсқа 70 студент қабылданған. Ал биыл университет филиалының ауқымы кеңейіп, 300-ге жуық талапкерді аламыз деп жоспарлап отыр.

МҰРАТ ЖАНҒАЗИЕВ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОМБЫДАҒЫ ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫ:

Оқу үдерісі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізіледі. Бұл көптілді даярлық ортасын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда бұл жоғары білім берудің заманауи халықаралық стандарттарына толықтай сай келеді.

Студенттерді қолдау үшін биыл Ресей тарапы 100 грант бөліпті. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақ ұлттық университетінің бөлімшесі Түркия мен Қырғызстанда да жүйелі жұмыс істейді.

НҰРКЕН ӘБДІҒАЛИ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

Алдағы уақытта біздің университетіміздің стратегиялық бағыттарының бірі — әлемдік желідегі филиалдарымыздың санын көбейту болып табылады. Себебі біздің университетіміз Қазақстандағы ең үздік топ-200-ге кіретін жалғыз университет болып табылады. Қазіргі кезде QS рейтингі бойынша біз әлемде 166-орындамыз.

← Барлық жаңалықтар