Мазмұнға өту
· 13 қаралым

ЕАЭО елдері байланысын бекемдей түсті

Инновация игілігі кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, сауда-саттық саласын серпілтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев бестік одақтың саяси лидерлері мен өкілдерін өзара цифрлық әлеуетті нығайтуға шақырды. Технология күн санап қарыштап жатқан заманда көштен қалмауды ескерткен Мемлекет басшысы экономиканы цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды. Жаңа технологиялар дәуірінде одаққа мүше мемлекеттер арасында «цифрлық алшақтыққа» жол бермеу маңызды, деді Президент.

БЕРДІБЕК ҚАРЫНБАЙ, АРНАЙЫ ТІЛШІ:

Жаһандық нарық мың құбылса да, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара сауда-саттық міз баққан жоқ. Тіпті биыл 100 миллиард долларды еңсеріп, рекордтық межеден асуы бек мүмкін. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев алыс-берісті азайтып алмау керек деді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Былтыр елдеріміз арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асты. Биыл өзара сауда-саттық көлемі 6 пайызға ұлғаяды деп күтіп отырмыз. Бұл 100 миллиард долларлық межені еңсеруге мүмкіндік береді. Дегенмен, халықаралық ұйымдардың жаһандық нарықтағы жағдайға берген бағасы көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қорының баяндамасына сәйкес, биыл әлем экономикасы 3 пайызға дейін баяулайтыны жөнінде айтылып жүр. Әрине, дүниежүзіндегі құрылымдық өзгерістер ЕАЭО-ның экономикалық дамуына да әсер етпей қоймайды.

Одақтың ішкі тұрақтылығын арттырып, экономиканы алға сүйрейтін басты күш осы деді мемлекет басшысы. Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев одаққа мүше елдерді өзара цифрлық әлеуетті нығайтуға шақырды. Инновация игілігі кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, сауда және логистика саласын серпілте түседі. Бұл пікірді қатысушылар да қуаттады.

АЛЕКСАНДР ЛУКАШЕНКО, БЕЛАРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жасанды интеллект машина құрастыру, металл өңдеу тәрізді салаларда өндірістің бір бөлігіне айналып келеді. «Компьютерлік көз» өнімнен ақау шығу фактілерін айтарлықтай азайтады. Робототехникалық кешендердің сүт өндірісінде де тиімділігі зор. Себебі бір кешен төрттен жиырмаға дейінгі жұмысшыны алмастыра алады. Сонымен бірге, ақылды жүйелер дайын өнімді жеткізу мерзімін 17 пайызға қысқартады. Бұл тауардың сапасын сақтауға әсер етеді.

САДЫР ЖАПАРОВ, ҚЫРҒЫЗСТАН ПРЕЗИДЕНТІ:

Жасанды интеллектінің ұлттық шекарасы болмайды және бұл тұрғыда Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігі үлкен әлеуетке ие. Біздің елдерді терең тарихи ортақтық, мықты ғылыми дәстүрлер және ортақ экономикалық мүдделер біріктіреді. Бірлескен модельдерді әзірлеу, ортақ есептеу қуаттарын және деректер орталықтарын құру бағытындағы күш-жігерімізді біріктірсек, біз жай ғана пайдаланушы емес, жаһандық цифрлық күн тәртібінің тең құқылы сәулетшілеріне айнала аламыз.

Кеңес отырысында Президент агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың әлеуеті туралы айтты. Цифрлық жүйелер өнімділікті арттырып, есепке алудың нақтылығын қамтамасыз етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 650-ден астам «ақылды» ферма жұмыс істейтінін және еліміз осымен екінші жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинап, рекордтық өнімге кенелгенін мәлімдеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Егін және тұқым шаруашылығында өнімді «егіс даласынан тұтынушы дастарханына дейін» жеткізу тізбегін қадағалайтын жүйе енгізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлерін жаппай цифрландыру жұмысы жүргізілуде. Агродрондар, жерсеріктік навигациялар мен метеостанция мәліметтері кеңінен қолданыла бастады. Жер телімін пайдалануға беру үдерісі электронды форматқа көшірілді. Диқандар мен шаруаларды мемлекет тарапынан қолдау тетіктері толықтай электрондық форматқа ауысты. Бұл жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Бүгінгі күні одақ аясында сауда кедергілерін жою шаралары белсенді жүргізілуде. Ресей президентінің сөзінше, одақтастар табысының тұрақты болуының бір себебі осы. Жалпы, өнеркәсіп өндірісі 1,6 пайызға, ауыл шаруашылығындағы өндіріс 4,6 пайызға, құрылыс 4,2 пайызға өсті.

ВЛАДИМИР ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жоғары технологиялық өнімді жеткізуді кеңейту және шикізат өнімдері үлесінің бір мезгілде қысқаруы есебінен тауар айналымының құрылымы жақсарып келеді. Елдеріміз арасындағы барлық есеп айырысу ұлттық валюталарда жүзеге асырылып келеді. Осылайша, өзара экспорттық-импорттық операциялар сыртқы әсерден және жаһандық нарықтардағы теріс үрдістерден сенімді қорғалған.

Кеңес отырысы аясында екі маңызды халықаралық құжатқа қол қойылды. Соның бірі – Африканың теріскейіндегі Тунис мемлекетімен еркін сауда туралы келіссөз. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.

БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОМИССИЯ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Тунис Еуразиялық бестік мемлекеттері үшін Африканың қарқынды дамып келе жатқан нарығына шығудың стратегиялық нүктесі болып табылады. Екінші құжат: Сербиямен 2019 жылы қол жеткізілген жекелеген уағдаластықтарды өзектендіру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, Үндістанмен келіссөздер жүргізілуде, Пәкістанмен бірлескен зерттеу тобының жұмысы іске қосылды.

Ал ұйымның тағы бір мүшесі Армения алдағы уақытта да одақ аясындағы жұмысын қарқынды жалғастырады. Мұны аталған елдің вице-премьері Мгер Григорян айтты. Осылайша бес саусақтай біріккен одақ елдері арадағы сауданы жандандырып, іскерлік байланысты одан әрі мығымдауға уағдаласты. Ал Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы биыл желтоқсан айында Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтеді.

← Барлық жаңалықтар