Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Диплом қолда, жұмыс бар ма?

Аттестатын қолына алып, алақайлайтын түлектер ересек өмірге асық шығар. Бірақ кезінде мектеп бітіріп, студент болдым деп жүзі бал-бұл жайнаған қыз-жігіттер де қазір оқу бітіріп жатыр. Бұған дейін де мыңдаған білім алушы дипломын құшақтап, еңбек нарығынан өзінің мамандығына сай жұмыс іздегені анық. Бірақ бәріне бірдей қызмет қайда? Жұмыссыз жүрмесе де, өзі қалаған мамандықта тер төге алмағанына қынжылған жастар бар. Өзіне керек қызметке тұруға таныс барда ғана шанс бар. Немесе ұялмай ақша сұрайды.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Жуық күндері жоғары оқу орнын бітірген түлектер қолына диплом алады. Әрмен қарай көпшілігі жұмысқа тұруға асығады. Алайда мұндай жас мамандардың бірден қызметке орналасып кетуі екіталай. Өйткені көп мекеме тәжірибе сұрайды. Бірақ университетті енді бітірген жанда ол қайдан болсын? Соған қарамастан, жұмыс берушілер жас түлектерді еңбекке араластырудан неге қашады? Әлде мәселе жас мамандардың өзінде ме?

Кейіпкеріміз Маржан да оқу бітірген соң жұмыс таба алмай сандалғандардың бірі. Екі жыл бойы мамандығымен қызметке тұра алмаған. Қаражат қос бүйірден қысқан соң, қазір амалсыз дүкендердің бірінде сатушы болып жүр.

МАРЖАН ЕРГЕШ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қарағысы келген жоқ. Сосын екі-үш мектептерді көрдім. Ол жерде де солай ақша сұрайды. Болмаса, танысың бойынша кіргізеді. Сол себепті мен Жетісай қаласында көрген жоқпын. Астанаға келіп, Астанадан екі-үш мектепке резюме тастап көрген едім. Ол жерден де отказ болды. Адам көп деген сияқты, солай.

Жастардың лезде жұмыс таба алмауына не себеп екенін алдымен экономистен сұрап көрдік. Рысжан Қабылқайратқызының сөзінше, бұл экономикалық теңсіздіктің салдарынан болуы мүмкін.

РЫСЖАН ҚАБЫЛҚАЙРАТҚЫЗЫ, ЭКОНОМИСТ:

Белгілі бір облыстарда кадрлық дефицит байқалса, белгілі бір аймақтарда кадрлық профицит байқалады. Яғни Алматы, Астана сияқты қалалардың айналасында агломерациялар өсіп келіп жатыр. Бұл жерде халық саны артып жатыр, бірақ жұмыс орындарының саны сол халық санын қуып жетпеуі мүмкін. Ал Солтүстік Қазақстан, шығыс облыстарда керісінше жұмыс орындары босап жатуы мүмкін.

Ал HR маманы Сара Сәрсен компаниялар үшін қызмет тізгінін енді ұстаған маманды тәрбиелеп, оның қатарға қосылуы үлкен ресурс екенін айтты. Сондықтан олардың бұл мәселеде көбіне тәжірибесі бар адамдарға бүйрегі бұрып тұрады.

САРА СӘРСЕН, HR МАМАНЫ:

Өйткені жас мамандарды жетілдіру, оқыту, жаңадан жұмысқа кірістіру қиынға соғады. GEN Z деген зумерлерімізге қарасақ, олардың икемділігі немесе жұмысқа бірден кірісіп кетуі қиын. Сондықтан жұмыс берушілер өзінің уақытын жоғалтудан қорқады деп ойлаймын. Екіншіден, қазақстандық университеттердің беріп жатқан білімі база болып танылады. Біздің жұмысқа келген соң оны бірден қолдана алмайды.

Яғни көп студент өз саласын теория жүзінде меңгергенімен, іс жүзінде не істеу керектігін білмей әбден кібіртіктейді дейді маман. Кәсіби бағыт беруші Ботагөз Асылбекқызы о баста мамандық таңдаудан қателеспеу керектігін алға тартты. Себебі мектеп бітіруші түлектің кейбірі өзінің арманындағы емес, грант көп бөлінетін саланы таңдап, артынша ниеті мен икемі жараспай жатады екен.

БОТАГӨЗ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, КӘСІБИ БАҒЫТ БЕРУШІ:

Егер сіз грант үшін оқитын болсаңыз, оқып бітіруіңіз мүмкін. Бірақ ол мамандыққа жауапкершілік ала алмайсыз. Ол мамандықты бітіргеннен кейін жұмыс табуыңыз да мүмкін. Бірақ ол мамандықта істей алмауыңыз мүмкін.

Сондай-ақ қыз-жігіттер жіберетін бірнеше қатені де айтты.

БОТАГӨЗ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, КӘСІБИ БАҒЫТ БЕРУШІ:

Оның біріншісі – оқушы өзінің қызығушылығын ескермейді. Екіншіден, қабілетін ескермейді. Мысалы, оқушы 11-сынып, аяқтауына бірнеше ай қалған. Ол «аудармашы болам» дейді. Бірақ ағылшын деңгейі А1. Мамандық таңдайтын кезде қабілетті де ескеру керек. Үшінші нәрсе, бізде жалақысына тәуелді болады. Төртінші нәрсе, қоғамда сұранысқа ие ме, соны нақты білу керек.

Дегенмен жастардың бәрі мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жыларман болып жүр деуден аулақпыз. Керісінше, қызметке кірісе тұра, оның ауыртпалығынан қорқып, айнып қалатындар бар.

САРА СӘРСЕН, HR МАМАНЫ:

Инстаграм, TikTok арқылы олар тез нәтижеге үйреніп қалған. Клиповое мышление дейміз ғой. Информацияны тез алғысы келеді және нәтижені тез алғысы келеді. Екінші жағынан, жұмысқа қабылданған кезде айтылмаған, одан артық жұмыстар қосылған кезде жас мамандар одан қашады.

МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:

Әрине, жұмыс таппаған жастар қол қусырып құр жатпасы анық. Сондықтан Астана қаласында кәсіптік мамандыққа бейімдейтін осындай дүңгіршектер орналасқан. Сіз мұнда келіп ақыл-кеңес алып, тіпті тегін оқуға жазыла аласыз.

Бұл жоба әзірге тек елордада ғана жұмыс істейді. Менеджерлердің сөзінше, бағдарламаның арқасында екі қолға бір күрек таппай жүрген жандардың біразы жұмысқа орналасып, кәсібін дөңгелеткен.

ЕРАСЫЛ ДІЛДӘЙЫМ, ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ:

Жастардың арасында да бізде өте орасан зор сұраныс бар. Сұраныс көрініп тұр. Өйткені көбінесе осы цифрлық мамандықтар бойынша, яғни таргетолог, SMM, графикалық дизайн сияқты. Себебі бұл мамандықтар икемді және фриланс арқылы қосымша табыс табуға көмектеседі.

Ең тиімдісі – мұнда келгендер жылдап білім алмайды. Аз уақытта өзінің қарым-қабілетін көрсетуге мүмкіндігі бар. Келгендер наубайшыдан бастап, токарь, слесарь, тігінші сынды мамандықтарды меңгере алады.

ЕРАСЫЛ ДІЛДӘЙЫМ, ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ:

Жобаның идеясы өмір бойы оқу идеясына бағытталған. Біздің курстар тегін, қысқа мерзімді – бес күннен 22 күнге дейін және модульдер бойынша құралған.

Сондай-ақ елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін Жастар практикасы жобасы іске қосылған. Яғни оқу бітіре сала еңбекке араласа алмаған мамандар өз қаласындағы Мансап орталығына барып, түрлі компания, мекеме ұсынатын қызметке орналасып, жоғарыда айтып кеткен «тәжірибесіз» деген аттан да, бұрын жұмыс істемеген деген «дақтан» да құтылады. Міне, соның жемісін көргендердің бірі – Жәния Тұрлыбекқызы.

ЖӘНИЯ ТҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ, «ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ, ПСИХОЛОГ:

Менің бірінші мамандығым – биотехнолог. Магистратураға түскен соң ғылыми жоба жазу кезінде қажып кеттім. Оның үстіне пандемия басталды. Содан психологияны оқуға көштім. Бірақ бұл бойынша да тәжірибесіз жұмыс табу қиын болатынын айтты. Сондықтан тәжірибе жинақтау үшін осы жастар практикасын байқап көруді жөн көрдім.

Десек те, жоба жұмыс табуға кепілдік бермейді. Тек 12 ай ішінде тәжірибе жинақтауға жол ашады. Әрі сол мерзім ішінде тұрақты жалақы болады. Бірақ соған қарамастан, бүгінде оның тиімділігі арта түскен.

АЯУЛЫМ БЕРЕКЕНОВА, ҚР ЕХӘҚМ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Жастар практикасына қатысушылардың арасында жұмысқа орналасу деңгейі өскен. Мысалы, 2023 жылы тек 48 пайызы Жастар практикасын аяқтаған соң жұмыс берушінің штатына жұмысқа тұрса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 61,5 пайызды құрап отыр.

Демек, жастардың жұмысқа орналасу мәселесі бір ғана себеппен шектелмейді. Бұған еңбек нарығындағы сұраныс, білім беру жүйесі мен жастардың өз таңдауы әсер ететінін байқадық. Бірақ кез келген іске бейім, еті тірі жандарға әрдайым жол ашық екенін ұмытпаған жөн. Ізденіс пен табандылық болса, диплом сөреде шаң басып жатпасы анық.

← Барлық жаңалықтар