Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Әлем жаңалықтары

Азаматтық соғыс пен ашаршылықтан көз ашпаған Мьянмадан тағы да маза кетті. Бұл жолы Үндіқытай түбегіндегі елде жарылғыш заттар сақталған қойма жарылды. Қайғылы оқиғадан 45 адам опат болыпты. Тағы 70-тен астам тұрғын түрлі дене жарақатын алған. Алдын ала болжам бойынша, ғимаратта тау жыныстарын қопаратын арнайы жарылғыш заттар сақталыпты. Ал Франция құрылыс материалдарын үнемдеуге көшті. Себебі Париж маңында адамзат тарихында алғаш рет 3D принтердің көмегімен ғимараттар тұрғызыла бастады.

 28 АДАМ ОПАТ БОЛДЫ

Табиғи апат Үндістанды әбден әбігерге салды. Миллиардтан астам халқы бар елдің бірнеше штатында соңғы тәулікте жаңбыр шелектеп жауып, оның арты түрлі табиғи апаттарға ұласты. Төтенше оқиғадан 28 адам қаза тапты. Опат болғандардың тізімі әлі де толығуы мүмкін. Ал ең көп адам шығыны Уттар-Прадеш штатында тіркелді. Аймақта бірнеше тұрғынға жай түсіп, мерт болды. Батыс Бенгалия мен Бихар штаттарында күшті дауыл онға жуық адамның өмірін жалмады. Синоптиктер Үндістанның солтүстігіндегі қолайсыз ауа райы алдағы бір жұма бойы сақталатынын айтып, халықты үрейлендіріп қойды. Ел билігі зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге кірісті.

ТУРИСТЕР ҚАЗА ТАПТЫ

Ал Түркияда туристерге лық толы автобус апатқа ұшырады. Қоғамдық көлік Измир қаласынан танымал Анталья курорттық аймағына бағыт алған екен. Жергілікті басылымдардың дерегінше, транспорттың салонында 40-қа жуық адам болған. Қайғылы оқиғадан 8 адам опат болып, 33 жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Ажал құшқандардың арасында көлік жүргізушісі мен тоғыз айлық сәби де бар. Әзірге апаттың нақты себебі белгісіз. Оқиғаның жай-жапсарын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Соңғы деректерге сүйенсек, қаза тапқандардың ішінде Қазақстан азаматтары жоқ.

 ЦУНАМИ ҚАУПІ ТӨНДІ

Тынық мұхиты тағы бір асау мінез көрсететін түрі бар. Цунами мен елдің аты қатар аталатын Жапония дүлей дауылға дайындықтарын бастап кетті. Апатқа күні бұрын қамданатын Күншығыс елі бірнеше тәуліктің ішінде 300-ге жуық әуе рейсін шегерді. Мамандардың есебінше, тайфун ертең Окинава аралына қарай ойысуы мүмкін. Ал ұшақтар дәл осы аймақтан елдің жан-жағына ұшуы тиіс екен. Метеорологтар қазір екпінді желдің қалай қарай жылжитынын мұқият бақылауға кірісті. Сондай-ақ аймақта дабыл жүйелері іске қосылып, жағажайлардың барлығы дерлік жабылды.

ЖАНКҮЙЕРЛЕР ҚАЛАНЫ ҚИРАТТЫ

Әлемдегі ең мәдениетті халық саналатын француздар клубтарының футболдан Чемпиондар лигасындағы жеңісін артығымен тойлап қойған секілді. Будапешттен абыроймен оралған футболшылардың көңіл-күйі су сепкендей басылды. Ал шат-шадыман күй кешкен Пари-Сен-Жермен жанкүйерлері атойлаймын деп, бас қалада ылаң салды. Мәмілеге көнбеген фанаттарға жергілікті тәртіп сақшылары күш қолдануға мәжбүр болды. Чемпиондық шеруде полиция 400-ден астам бұзақыны қамауға алды. Бетімен кеткендер жолындағының барлығын жайпап, бірнеше көлікті өртеп жіберген. Сондай-ақ Мажарстандағы ақтық ойын күні де Париж көшелерінен тыныштық кетті. Финалды Францияда тамашалаған ПСЖ фанаттары стадионның алдында бір-бірімен қақтығысып, күштік құрылымдарды аяқтарынан тік тұрғызған екен.

← Барлық жаңалықтар