Ақтөбеде төрт жастағы балалар самокат теуіп жарысты. «Желден жүйрік» байқауына қатысуға тілек білдіргендер өте көп болды. Ұйымдастырушылар оларды жас ерекшелігіне қарай үш топқа бөліпті. Балдырғандардың самокатты басқаруды өте жақсы меңгергендері бірден байқалды. Тіпті қазыларға ең жүйрікті анықтаудың өзі қиынға соқты. Бәйгеге тіккен жүлделер де олардың көңілінен шықты. Жеңімпаз атанғандар велосипед, ролик, самокатты қанжығалап қайтады.
ГҮЛЖАЙНА БИСЕНҒАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Концерт те, би де, ән де, күй де, сыйлық та — бәрі де балалар үшін. Биылғы бес түрлі алаң ұйымдастырдық. «Әжемнің әңгімесі» деген алаңды қостық. Қазақ ертегілерін насихаттау – мақсаты. Ертегіні тыңдап, әрі қарай жалғастыруы керек бала.
Балалар күніне арналған мерекелік шаралар мұнымен аяқталмады. Оқушылардың назары бірден алаңда тұрған полицейлер мен төтенше жағдайлар қызметінің арнайы техникаларына түсті. Өрт сөндірушілер әрбір құрылғының не үшін қажет екенін тәптіштеп түсіндірсе, полицейлер иісшіл иттердің қалай жұмыс істейтінін, криминалистер қылмыскерді анықтауға қажетті құралдарды көрсетті. Балалар күніне арналған шаралар ән-би фестивалі мен марафонға ұласты.
ӘСИМА ШӨРЕНОВА, ОҚУШЫ:
Бүгін мен марафонға қатыстым. Өте көп адам болды, мен медаль алдым.