Қытайда жұмыс істеп жүрген отандасымыздың басы дауға қалды. Алдын ала мәлімет бойынша, Махмұтхан Шерназаров шетелдіктермен жанжалдасып қалып, төбелес кезінде жергілікті азамат қаза тапқан. Осы оқиғадан соң ол қасақана дене жарақатын келтірді деген күдікпен қамауға алынған. Ал туыстары бірнеше адамның шабуыл жасағанын, оның тек қорғанғанын айтып отыр. Ал Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайдан хабардар. Ведомствоның мәліметінше, Қытай тарапы отандасымыздың ұсталғаны туралы ресми ақпарат берген.
ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕСІ:
Қытай тарапы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстан азаматы денсаулыққа қасақана зиян келтіруге байланысты құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталған. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша қосымша ақпарат алу мақсатында қазақстандық тарап ҚХР-дың құзыретті органдарына тиісті сұраулар жолдады. Қазақстандық дипломаттар ұсталған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста болып, өз құзыреті шеңберінде қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде.