Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Әлем жаңалықтары

Тапқан, тапқандыкі, бала баққандыкі, деуші еді. Бірақ Польшада олай емес сияқты. 51 жастағы Краков тұрғыны жол жиегінде ақша толы қапшықты тауып алған. «Иесі бар ма?» деп үш қайтара сұрамаса керек, олжаны үйіне алып кетіпті. Сөйтсек, сөмкені сол маңдағы инкассатор мамандар абайсызда жоғалтып алған екен. Көп ұзамай күдікті қолға түсті. Ал қапшықтың ішінде 1 млн злотый, біздің валютамен есептегенде 134 млн теңге болғаны анықталды. Десе де, азамат өзінің кінәсін мойындамай, кепілмен бостандыққа шыққан. Бір қызығы, жоғалған қаржы әлі де банкке қайтарылмапты.

ИЗРАИЛЬ ТАҒЫ ҚАҺАРЫНА МІНДІ. ЛИВАН

Бір-екі жұмадан бері тыныш жатқан Израиль әскері қайта қаһарына мінді. ЦАХАЛ бұл жолы Ливан билігімен келісімді бұзып, Бейрут қаласын талқандауға кірісті. Нетаньяху тағы да содырлардың бас сауғалаған жерін сылтауратып, бейбіт тұрғындарды қынадай қыруға дайын. Мәселен, Израиль премьер-министрінің апта басындағы мәлімдемесінен соң, Ливанның мыңдаған халқы баспаналарын тастап, үдере көшті. Себебі еврейлер Бейруттың оңтүстік бөлігін нысанаға алды. Десе де, ресми Иерусалим кикілжіңнің ушығуына «Хезболла» ұйымын кінәлап отыр. Содырлар алғаш болып келісімнің шарттарын бұзған көрінеді. Ал көп ұзамай мәселеге араласқан Дональд Трамп қос тарап бір ымыраға келгенін, инфрақұрылымдарға соққы жасалмайтынын жеткізіпті. Бірақ АҚШ президенті алаңдауға негіз жоқ десе де, аймақтағы жағдай күн санап ушығып барады. Қырғи-қабақ соғыс басталғалы Израильдің аяусыз соққысынан Ливанда 3 мың адам опат болды.

КЕЛІССӨЗДЕР ТОҚТАТЫЛУЫ МҮМКІН. ИРАН

Ал Ливанның сөзін сөйлеген Иран билігі АҚШ-пен келіссөздердің барлығын орта жолдан тоқтатамыз деп сес көрсетті. Бұл туралы израильдік басылымдар жарыса жазып жатыр. Ресми Тегеран алдымен стратегиялық маңызға ие каналдарды жауып, аймақтан құс ұшырмауға бекінді. Ислам революциясы корпусы бұл жолы Ормуз бұғазынан бөлек, Баб-эль-Мандеб бұғазын да бітеп тастамақ. Иран билігі келіссөздер күшінде қалуы үшін Ливан мен Газа секторынан Израиль әскерінің кетуін талап етеді. Егер Тегеранның қалауы орындалмаса, ирандықтар зымырандарын Израильге бұруға дайын отыр.

ИТТІ ЖЕП ҚОЙҒАН. ҚЫТАЙ

Қытайда сұмдық оқиға. Көрші елде әлеуметтік желінің жұлдызы болып, көрермен көзайымына айналып үлгерген бордер-колли тұқымды ит жоғалып кетті. Жануардың иесі шарқ ұрып, жер-көктен іздегенімен, сенімді серігін таба алмады. Болжам бойынша, белгісіз адамдар ақылды жануарды ұрлап, артынша сойып жеп қойған көрінеді. Шетелдік басылымдардың дерегінше, иттің иесі Го есімді саяхатшы-блогер 8 жылдан бері жануармен бірге Бейжіңді аралап, түрлі тақырыпта контент түсіріп келген. Ал «Чутоу» лақапты иттің Қытайда миллиондаған фанаттары бар екен. Ақылды жануар мамырдың басында жоғалған. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларын тексеріп, итті екі адам ұрлағанын анықтады. Қазір блогер полицияға арыз жазды. Егер кінәлілер табылса, олар қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

ЖАҢА РЕКОРД ҚОЙДЫ. ПОЛЬША

Рекорд үшін басын бәйгеге тікті. Эстониялық танымал арқанмен жүруші Яан Роозе ерекше нәтиже тіркеді. Спортшы Польшаның екі бірдей биік ғимаратының арасын ешқандай сақтандыру белдігінсіз жүріп өтті. Шетелдік басылымдардың дерегінше, Польша астанасындағы Варшава Тауэр ғимаратының биіктігі 310 метрді құрайды. Ал Мәдениет пен ғылым сарайының биіктігі 237 метрге тең. Жүрек жұтқан азамат 180 метр биіктіктегі арқанмен жарты шақырым қашықтықты бағындырған. Айта кету керек, Балтық аймағының өкілі осындай экстремалды әдісімен танымал. Ол бұған дейін Еуропа мен Азияны жалғайтын Босфор бұғазын да арқанмен жүріп өткен.

← Барлық жаңалықтар