Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Амнистия: айыппұлдар кешіріліп, шоттар бұғаттан шығарылады

Қазақстандықтардың 1 миллионнан астам айыппұлы кешіріледі. Бұл дегеніміз бақандай 21 млрд теңге. Елімізде тұңғыш рет жасалғалы отырған әкімшілік рақымшылықтың шапағатын 500 мың адам мен 2 мыңнан астам бизнес субъектісі көретін болды. Бұл жаңадан қабылданған Конституцияның жемісі. Ал нақты кімдердің айыппұлы кешіріледі?

Мемлекет 11-мәрте мейірімділік танытып жатыр. Алайда тарихта тұңғыш рет әкімшілік амнистия жарияланбақ. Бір жарым миллионға жуық адам мен 2 мыңнан астам бизнес субъектісінің 21 миллиард теңге қарызы келместің кемесіне кетеді. Оның 17 миллиард теңгеден астамы кәдімгі айыппұл. Рақымшылыққа ілінетіндердің арасында шоттары бұғатталып, ісі жеке сот орындаушыларға жеткен азаматтар да бар.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Әкімшілік жазадан келесі тұлғаларды толық босату ұсынылады: ҚР азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларды, жеке кәсіпкерлер қатарындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерін, жеке нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттар мен заң консультанттарын. Әкімшілік рақымшылық соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарға таралмайды.

Оған қоса, «менің ұлтым» дегенді «менің мүлкім» деп түсініп, бюджетті қымқырғандарға, елді есірткіге елітіп, жеңіл ақшаға ұмтылғандарға жеңілдік жоқ. Қару сатып байып, тура жолдан тайып кеткендер де комиссияның шешімімен амнистияға ілікпейді. Жүргізуші куәлігінен айырылғандарды да жауаптылар жарылқамайды екен. Өйткені басты талап – тәртіп бұзған азамат қоғамға қауіп төндірмеуі тиіс.

САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мас күйінде немесе есірткіні пайдаланып көлік құралын басқару азаматтардың өмірі мен денсаулығына аса жоғары қауіп төндіреді. Жол-көлік оқиғаларының басты себебі де осы болып отыр. Соңғы 5 айда 144 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 адам қаза тапты. Сондықтан Ішкі істер министрлігі мас күйінде көлік басқарғандарға кеңдік танытпайды.

Темір торға тұтылғандарға да жазадан құтылар күн жақын. Қылмыстық рақымшылыққа сай 16 мың 500 адамның жазасы кешіріледі. Оның ішінде 1,5 мың азамат тар қапастың есігін тарс жауып, бостандыққа шығады. Ал орташа ауыр қылмыс жасағандардың айыбын өтеу мерзімі екі бөлікке қысқартылмақ.

АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді әрбір сотталғанға қатысты сот жеке-жеке қабылдайтынын атап өткен жөн. Заң жобасымен жергілікті атқарушы органдарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру, қоғамға қайта кіріктіру бойынша міндеттер жүктеледі.

Ізгілікке ілікпейтін санаттар да бар. Әсіресе елдің тыныштығын тәрк етпекке екпіндеген террористер мен қылмыстық топтарға мемлекет кеңшілік танытпайды. Балалардың арын таптаған азғындар да айыбын толық өтемек. Биліктегілердің бұлай сақтануы бекер емес. Өйткені рақымшылыққа іліккендердің өзі кейде қатесін қайталап жатады екен.

АБАЙ ҚАЙЫРБЕКОВ, ҚР ІІМ ОРЫНБАСАРЫ, ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Былтырғы өткізілген рақымшылық актісіне сәйкес, 2300-дей адам жазасын өтеу орындарынан босатылған. Солардың ішінен, өкінішке қарай, сегіз адам қайтадан қылмыс жасап, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұрын рақымшылық қолданылып, қайтадан қылмыс жасаған адамдардың іс-әрекеттерінде прецедент танылып, оларға қатысты рақымшылық жасау шектетіледі.

Амнистия – бұл өткеніне өкініп, өмірін өзгерткісі келетін азаматтарды қоғамға қайтарудың амалы. Қылмысқа жұмсақтық таныту емес, Президент айтқан жасампаздықтың жарқын көрінісі. Өйткені адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң.

← Барлық жаңалықтар