Мазмұнға өту
· 4 қаралым

Астанада боччадан әлем кубогы өтіп жатыр

Осы апта күллі әлем назары бас қалаға ауып тұр. Астанада тарихта алғаш рет боччадан Әлем кубогының кезеңі өтіп жатыр. Турнирге жаһанның 24 елінен, соның ішінде Бразилия, Канада, Қытай, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Франция мен Португалиядан арнайы ат терлетіп келген 90-ға жуық спортшы мен 150-ге жуық делегация мүшесі жиналған. Сенат спикері әрі Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, мұндай деңгейдегі жарыстың Қазақ жерінде өтуі елдің спорттық іс-шараларды ұйымдастыру әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, ҚАЗАҚСТАН БОЧЧА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Астана төрінде осындай маңызды халықаралық жарыс өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Бұл спорт елімізде қарқынды дамып келе жатқан және боччаға деген қызығушылықтың артқанын көрсететін айтулы оқиға. Әлем кубогы тартысты бәсекеге толы болады деп сенемін. Барлық спортшыларға сәттілік тілеймін.

Әлем кубогы кезеңінде біздің құраманың сапында 10 спортшы бағын сынап жатыр. Жарыс осы айдың тоғызына дейін жалғасады. Қатысушылар жеке, жұптық және командалық форматта өнер көрсетеді екен. Кейін басқалардан оқ бойы озып, жақсы нәтижеге қол жеткізгендер 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеледі.

НАЗЫМ ЖАНҒАЗИНОВА, ҚАЗАҚСТАН БОЧЧА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүкіл әлемдік Бочча федерациясының президентімен сөйлесіп жатырмын ғой. Екіжақты келісу болды. Сол кезде сол кісінің айтуынша, бұл өте жоғары деңгейде өтіп жатқан іс-шара. Өте жоғары бағасын берді бізге.

ТИТАНА ШИНГИСХАНОВА, СПОРТШЫ:

Егер мен мүлде қобалжымай тұрмын деп айтсам, ол, әрине, өтірік болады. Мұндай деңгейдегі жарысқа қатысу – үлкен мәртебе. Қазір болашақ Паралимпиада чемпиондарымен жарысқа түсеміз. Бұл мен үшін берілген үлкен мүмкіндік пен баға жетпес тәжірибе.

← Барлық жаңалықтар