Мазмұнға өту
· 6 қаралым

Халық кеңесінде неше адам болады?

Таяу арада елімізде халыққа етене жақын қоғамдық институт құрылады. Құзыреті ассамблеядан да, аймақтардағы қоғамдық кеңестен де өзгеше. Көздегені бұқараның мүддесімен санасып, талап-тілегін мемлекеттік деңгейде қорғау. Қазақстан Халық кеңесі алдағы уақытта «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі үлгісі болады, дейді сарапшылар. Қос бірдей құрылымның басын біріктірген ұйым ұтымды ұсыныстар мен ілкімді істердің басында болмақ. Су жаңа органның саясат сахнасындағы салмағы мен пәрмені қаншалықты ықпалды?

Елдегі бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі Ата заңда айшықталды. Енді Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтай ұғымы тарих қойнауына кетеді. Конституцияда көзделгендей, стратегиялық сабақтастықты сақтайтын, халықтың пікірін жақтайтын жауапты миссия жаңа органға жүктеледі. Сарапшылардың сөзінше, консультативті кеңес кері байланыстың орнықты арналарын қалыптастырады.

АҚМАРАЛ ТҰРҒАЛЕЕВА, САЯСАТТАНУШЫ:

Бұл институт – шын мәнінде бірегей құрылым. Уақыт өте келе оның пәрмені қаншалықты күшейсе, бүкіл азаматтық қоғамның дамуына да соғұрлым оң ықпал етеді. Яғни бұл – қоғамдық бірлестіктер, белсенді көшбасшылар мен қарапайым азаматтар саяси жүйеге, заңнамалық бастамаларға және маңызды шешімдердің қабылдануына тікелей әсер ете алатын негізгі тетік. Осылайша елде шынайы қоғамдық диалог қалыптасады.

Жаңа органның өкілеттігі мен құзыретінің аясы кең. Елдегі этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелерімен тікелей Халық кеңесі айналысады. Осылайша мемлекеттегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына атсалыспақ. Сонымен қатар ел ішіндегі саяси бағытты жетілдіруге бастамашы болу да жаңа органның негізгі міндетінің бірі.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Олардың қатарына ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, заңнамалық бастама жасау құқығы арқылы заң шығару процестеріне қатысу, референдум өткізу жөнінде бастамалар көтеру, қоғамдық талқылау мен диалог алаңдарын ұйымдастыру кіреді. Қазақстан Халық кеңесіне Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездерін ұйымдастыру функциясы жүктеледі.

Халық кеңесі органының барлық мүшесін Мемлекет басшысы тағайындайды. Төрағасын мүшелері сайлайды. Өкілеттілік мерзімі – 4 жыл. Оның қоғамдық негізде жұмыс істейтін екі орынбасары мен хатшылық меңгерушісі болады.

НҰРТӨРЕ ЖҮСІП, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұл әсіресе Қазақстан сияқты көпэтносты және көпқырлы қоғам үшін аса маңызды. Себебі тұрақтылық пен дамудың негізі – әділ өкілдік пен ашық диалог. Кеңес әртүрлі әлеуметтік топтардың, өңірлердің және буындардың мүдделерін тоғыстырып, ортақ ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға ықпал етеді. Ол әр азаматтың өз пікірінің маңызды екенін сезінуіне, ел болашағына ықпал етуіне мүмкіндік береді.

Халық кеңесінің тағы бір артықшылығы – Құрылтайға заң жобаларын енгізіп, референдумдарға бастамашылық жасай алады. Ал биліктің тармақтары келелі кеңес көтерген мәселемен санасуға міндетті. Жастардың да ең өзекті мәселелері назардан тыс қалмайды.

АЛЁНА ДМИТРИЕВА, «ЖАСТАР» ҒЗО АНАЛИЗ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Халық кеңесі жаңа реформаның жай ғана белсенді қатысушысы емес, ол саяси шешімдер қабылдайтын субъект деуге болады. Қуантарлығы, ол халық үніне құлақ асып, олардың мәселесін шешу үшін құрылды. Жастардың келешегіне де оң ықпалын тигізері анық. Атап айтқанда, баспана, жұмыспен қамту және білім беру мәселелері бар. Азаматтық қоғамның рөлі өзгеріп, күн тәртібіне халықты толғандыратын мәселелер шығарылатын болады.

Осылайша билік пен бұқараның байланысы жаңа сипат алып, арасы бұрынғыдан да жақындай түспек. Бастысы, бұл құрылым тек ұсыныс айтатын орын емес, жұрттың үнін нақты шешімдерге айналдыратын күшке айналады деп күтіліп отыр.

← Барлық жаңалықтар