Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Вьетнамға бару жеңілдейді

Вьетнамға баратын қазақстандықтар үшін шекарадан өту рәсімі жеңілдеді. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Енді отандастарымыз әуежайдағы ұзын-сонар кезекте тұрмай, бақылаудан тез өте алады. Ол үшін Вьетнам тарапы «Алдын ала ақпарат ұсыну жүйесін» іске қосыпты. Оған сәйкес, шетелдік саяхатшылар сапар алдында өз деректерін онлайн режимде жөнелте алады. Солай істесеңіз, ол елге табаныңыз тиген кезде шекарадағы тексеріс айтарлықтай қысқармақ. Қазір бұл жоба Таншоннят әуежайында іске қосылған. Біртіндеп Нойбай, Дананг, Камрань және Фукуок сияқты ірі әуежайларға да енгізіледі екен. Айта кетерлігі, бұл жүйе визаны алмастырмайды. Ал Вьетнамға барарда өзіңіз жайлы мәліметті берсеңіз де, бермесеңіз де еркіңіз. Қажет деп тапсаңыз, жалған интернет-ресурстардың құрығына түсіп қалмаңыз. Тек ресми портал арқылы ғана толтыру керек.

← Барлық жаңалықтар