Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Түлектер тартуы

Танымал болған түлектер. «Ауылым – алтын бесігім» деп, туған жерге тарту жасау соңғы жылдары түлектер арасында керемет үрдіске айналды. Бірі ескірген мектепті бүтіндесе, енді бірі тұтас ауылдың инфрақұрылымын көтеріп, жұрттың шынайы алғысына кенеліп жүр. Биыл Батыс Қазақстандағы ауыл түлектері ерекше сый жасап, желі қолданушыларының ықыласына бөленді. Олардың бұл өнегелі ісі көпке қалай үлгі болды? Ауылдастарын қуантқан ізгі сыйдың жай-жапсарын тілшіміз баяндайды.

Париждің символы енді қазақ даласында. Жалпақтал ауылында Эйфель мұнарасына ұқсас нысан бой көтерді. Бұл – мектепті осыдан 20 жыл бұрын тәмамдаған түлектердің туған жеріне жасаған айрықша тартуы. Жергілікті шебердің қолынан шыққан алып конструкцияны құрастыру оңайға түспеген. Түлектер ауылдың ажарын ашқан бұл жобаның ауқымы мен техникалық тұсын былай деп сипаттайды.

ЖАЛПАҚТАЛ АУЫЛЫНЫҢ 2006 ЖЫЛҒЫ ТҮЛЕКТЕРІ:

Бұл жерге қаржылай 45 млн ақша кетті. Биіктігі 35 метр. 400-дің үстінде жарықшамдар қойылды. Астына 150 тоннадай бетон құйылды. 3 тоннадай арматура салынды. Сайранбек 1 жыл бойы дайындап, осылай салып берді.

Түлектердің тартуы мұнымен шектелмейді. Еліміздің әр өңірінде игі бастамалар жалғасып жатыр. Мәселен, Арыс қаласында түлектер марқұм болған сыныптасының отбасына баспана сыйлаған. Ал Жетісайда мектеп бітірушілер ұстазына көлік тарту еткен. Түркістан облысында да бұл үрдіс қарқын алған. Кей ауылдарда мұқтаж отбасыларға үй салып беру дәстүрге айналған.

НАЗЫМ ШАЛҒЫНБАЙ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Арыс қаласы, 2006 жылы Сәкен Сейфуллин мектебінің түлектері дәл осындай керемет іспен айналысты. Яғни өздерінің марқұм болған кластастарына 3 сынып бірігіп, осындай шаңырақ сыйлады, үй сыйлады. Үйді толық ремонтымен, техникасымен әдемілеп жасап берді.

Сыйлықтың бағасынан бұрын, оның қоғамға тигізер пайдасы маңызды. Бірі ауылдың сәулетін арттырып, туристік әлеуетін көтерсе, енді бірі әлеуметтік түйткілдердің шешілуіне нақты септігін тигізуде. Алайда мұндай алып нысандарды тұрғызған соң, оның күтіміне кім жауапты деген заңды сұрақ туындайды.

ЕРБОЛАТ САТЫБАЛДЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Бұрын мектепке барып, сондай бір кішкентай сыйлықтар берсе, қазір, мысалы, ауылдың кіреберістеріне аркалар салу, болмаса бір кішкентай архитектуралық мүсіндер салу мәселесі бар. Енді оны әрі қарай күтіп ұстау мәселесі туады ғой. Осыдан кейін оны қарап отыру керек. Бір жағынан әкімшіліктің балансына мұндай нысандар бәрібір алынуы керек деп ойлаймын.

Иә, мақсат – мақтану емес, туған жерге деген перзенттік махаббат пен шынайы құрметті көрсету. Ең бастысы, жасалған игіліктің халыққа пайдасы тисе жақсы. Ал бұл үрдіс өскелең ұрпақтың санасына қалай әсер етпек? Көргенін көңілге түйген кейінгі буын эстафетаны ары қарай жалғастыра ала ма?

ЖАЛҒАС ҚҰСПЕКОВ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Енді мына қазақтың бір жақсы сөзі бар: бұқаға туған күн, бұзауға да туады деп. Біз де балаларымыз айтқанымызды істемейді ғой, көргенімізді істейді. Оны енді әрбір ер азамат, әрбір бітірген түлектердің балалары бар, ауылдастары бар, олар да көріп, ертең есейгеннен кейін, өздері балалы-шағалы болғаннан кейін, саналарына ой түйген соң, ол жалғаса береді деп ойлаймын.

Ауылдың ажарын кіргізген зәулім мұнара да, мұқтаж жанның иығынан жүгін жеңілдеткен жылы баспана да елге деген жанашырлықтың көрінісі. Бастысы, түлектердің бұл тартуы мақтан үшін емес, қоғамның игілігі мен ұрпақ сабақтастығы үшін жасалса игі.

← Барлық жаңалықтар