Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Президент халықаралық Euronews басылымына мақала жариялады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Euronews басылымына авторлық мақала жариялады. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы серіктестік бұрынғыдан да маңызды екенін атап өтті. Ол 2015 жылы қол жеткізген Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнен кейін Еуроодақ Қазақстанның ірі сауда және инвестиция нарығына айналғанына тоқталды. Әрі жаһандағы саяси ахуал теңселіп тұрғанда мұндай ынтымақтастықтың маңызы зор екенін атап өтті.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ EURONEWS БАСЫЛЫМЫНА ЖАРИЯЛАҒАН МАҚАЛАСЫНАН:

Мыңдаған еуропалық компания елімізде табысты жұмыс істеп, Еуропаға пайда мен кіріс әкеліп отыр әрі біздің экономикамызды жаңғырту мен әртараптандыруға септігін тигізіп жатыр. Бұл үлкен жетістік және солай болып қала береді. Бірақ мына алмағайып заманда мұны жеткілікті деуге бола ма? Әлбетте, жоқ. Мен Брюссельге нақты ниетпен және нық сеніммен келіп отырмын. Бүгінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестік бұрынғыдан да маңызды. Сондықтан бұл байланысты одан әрі бекемдей түсуіміз керек.

Бұдан бөлек, Президент тараптар арасындағы серіктестіктің келесі кезеңі тұрақтылықты нығайту, байланыстың барлық түрін кеңейту және азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау сынды үш негізгі стратегиялық мақсатқа бағытталуға тиіс екенін айтты.

Мақалада Қазақстанның экономикалық қуаты да айтылды. Мәселен, еліміздің жалпы өнімі былтыр 306 миллиард долларға жетті. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 360 миллиард доллардан асады. Осылайша, Мемлекет басшысы қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан Кәрі құрылық елдері үшін неғұрлым қуатты серіктес екенін атап өтті.

← Барлық жаңалықтар