Мазмұнға өту
· 32 қаралым

Аллергия ғасыр дертіне айналып барады

Адамдар ауадан да ауруға шалдығып жатыр. Еңбектегеннен еңкейгенге дейін екі иінінен әрең дем алатындар емін таба алмай әлек. Тек күтінуден басқа амал жоқ. Аузымыздағы ас та бұл дерттің дендеуіне әсер етіп жатқанға ұқсайды. Ішіп-жеуден де, ауа жұтудан да бас тарта алмасымыз анық. Онда не істемек керек?

Елорда тұрғыны Севара Ерсайынқызының екі баласы туғанынан ерекше күтімді қажет етеді. Өйткені тұңғышы тағамды таңдап жеуі қажет. Ал екінші баласында күн жылынып, көк шыққан уақытта дем алуы қиындап, үстіне бөртпелер шыға бастайды екен.

СЕВАРА ЕРСАЙЫНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бірінші рет аллергиясы қалай туылды? 40 күн өткеннен соң пайда болып бастады. Ол бізде атопиялық дерматит деп аталады. Бірінші баламда кейбір тағамдарға аллергиялық реакциялар болады, ал екінші баламда сыртқы құбылыстарға аллергиялық реакциялар болуы мүмкін. Бұл жерде еміне келетін болсақ, емі күнделікті терісін ылғалдандыру болып табылады, ол жерде арнайы ылғалдандыруға эмоленттер сериясын қолданатын боламыз.

Бүгінде аллергияның 60-тан астам түрі бар. Дәрігерлер біраз жыл бұрын бұл дерт тек ересектерде байқалатын дейді. Алайда қазір әрбір үшінші отбасында туған сәбилерде де жиі кездесетінін айтты. Негізі бұл екі жолмен беріледі. Бірі тұқым қуаласа, екіншісі жүре келе пайда болады.

НҰРЖАМАЛ ДЕГЕНБАЕВА, АЛЛЕРГОЛОГ-ДӘРІГЕР:

Туа біткеннен бастап қосылған аллергия қыз балаларда, негізінен, 6-7-8 жастарға таман басылады. Болады, егер дене иммунитеті төмен болмаса. Ал ер балаларда асқынған түрде кетеді: бронхит, бронхиалды астма, ауа жетіспеу, балаға оттегі жетпеу, аздап физикалық жүктеме істесе де, сондай болады.

Иә, статистикаға сүйенсек, соңғы жылдарда 1 жасқа дейінгі балалар арасындағы аллергия 14 пайызға дейін өскен. Қараша халық мұның тамыр жайғаны соншалық, таңғалмайтын болдық дейді.

2020 жылғы қызда аллергия болды сүтке, бірақ үстіне бөртіп шықпайтын аллергиясы болады, дәрісін береді, қояды. Ал 2024 жылғы қызда үсті кәдімгідей қозып, жара сияқты сондайға дейін кетіп қалды.

О баста екіқабат кезінде анасы не тамақтанды, не ішті, не жеді, соған байланысты.

Аллергия болады. Неге десеңіздер, жеп жатқан тамағымыз да дұрыс емес қой, сондықтан деп ойлаймын енді аллергияның болатын себебі.

Ал көпті көрген әже Жұпаргүл Баймаханқызы осыдан 50-60 жыл бұрын аллергияның не екенін білмедік дейді. Қазір жастар дұрыс тамақтануға, салауатты өмір салтын ұстануға аса мән бере бермейді. Салдарынан түрлі ауру белең алып бара жатқанын алға тартты зейнеткер.

ЖҰПАРГҮЛ БАЙМАХАНҚЫЗЫ, ЗЕЙНЕТКЕР:

Жастар үйленгеннен кейін ананы да жегісі келеді, мынаны да жегісі келеді, дәрігердің айтқанын орындамауы мүмкін. Сондықтан да жаңағы туылған жас нәрестелер осы аллергияға бейім туылуы да мүмкін деп өзім ойлаймын. Біздің кезімізде бәрін бау-бақшадан жедік, қазір бәрі шетелден келеді ғой.

ЖАНАР АРҒЫНОВА, ТІЛШІ:

Мамандар бұл дерттің көбеюін, алдымен, ауаның ластануымен байланыстырады. Аурудың ең көп тараған көрсеткіші Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы, Астана қалаларында тіркеліпті. Әсіресе, 7 мен 14 жас аралығындағы балалар жиі ауыратын көрінеді. Көптің алқымынан алып, тынысын тарылтқан дертке бейжай қарамай, ерте жастан көңіл бөлу керек, дейді дәрігерлер.

← Барлық жаңалықтар