Мазмұнға өту
· 8 қаралым

Қаладан ауылға көшкендер не дейді?

Адамның кіндік қаны тамған жерге, маңдайының тері де таму керек. Батыс Қазақстан облысында пилоттық жоба іске қосылды. Облыс әкімінің бастамасымен 223 отбасы қаладан ауылға көшіп барыпты. Олардың арасында орталықтан алыс жатқан елді мекендерге ауадай қажет мұғалім, дәрігер секілді мамандар бар.

Әсемжан Тасқали қаладағы қызметін тастап, ауылға ауысқандардың бірі. Қиыр жайлап, шет қонғалы отбасының берекесі кірген. Мемлекет үй беріп, жас маманға бар жағдайды жасап отыр. Мегаполистерде тиын үшін тырбаңдап жүргеннен ауылда жоғары жалақыға жұмыс істеген әлдеқайда тиімді дейді ол.

ӘСЕМЖАН ТАСҚАЛИ, ЖАС МАМАН:

Мен бұрын ойлайтын едім: қалада қалған жақсы шығар, оқу бітіргеннен кейін немесе үлкен облыс болмаса да, қалада жұмыс істесек деп. Бірақ өзіңнің еліңді, өзіңнің ауылыңды, туған жеріңді, сол жердің білімін көтергің келсе, қандай да бір ауылға кішкене де болса болашағына үлес қосқың келсе, сол үшін ауылға келу керек деп ойлаймын.

Жалпақ жұртқа мұнарасымен танылған Жалпақталдың іргесіндегі ауылдың бүгінде әлпеті әлеуетті. Алақандай елді мекендегі мектеп лицей статусын алған. Қаладан келген мамандармен сапы толығып, білім деңгейі артыпты. Бүгінде 246 бала білім алып жатыр. Дегенмен жаратылыстану бағытындағы пәндерден сабақ беретін ұстаздар қат.

УАЛИХАН САҒИДУЛЛИН, БҚО ҚАРАӨЗЕН МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Ауылда маман тапшылығы бар. Қазіргі университет бітірген жас мамандар ауылға оралғысы келмейді. Алайда 2023 жылы енгізілген «Қаладан ауылға» бағдарламасы өз жемісін беріп жатыр деп айтсақ артық айтпаймыз. Себебі маман отбасымен келіп орналасып жатыр. Тәжірибелі мамандар келіп орналасып жатыр. Және тәжірибелі мамандар өздерінің жемісін беріп жатыр.

Қазіргі жастардың көбі табысы там-тұм болса да қалада шекшиіп жүргенді құп көреді. Ата-ана да жөргектен шыққан баласына жер-көктен таныс іздеп, орталыққа орналастыруға асығады. Сол себепті туған жерге туын тікпек түгілі, табанын тигізбей кеткендер бар. Ал алып шаһардан шағын ауылға көшкендердің көңілі шат.

АСЫЛЗАДА ҚҰМАР, ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕР:

Қаламен салыстырған кезде ауылдық жерде жұмыс жасау өте жеңіл. Ауруханамызда өте керемет деңгейде жұмыс жасап жатыр. Барлық заман талабына сай жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген. Осындай жерде жұмыс жасағаныммен мақтана аламын.

Батыс Қазақстан облысында 223 отбасы «Қаладан ауылға» пилоттық жобасының игілігін көріп отыр. Оларға 9 миллион теңгенің көлемінде жәрдемақы төленіп, баспанамен қамтылған. Сондай-ақ ірі қара мал беріп, кәсіп бастауына қолғабыс етеді.

БЕЙБІГҮЛ ҚОНЫСБАЕВА, БҚО СТРАТЕГИЯ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

233 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. 5 адам бізде екі ауданда өз кәсіптерін бастаған азаматтарымыз бар. Қолданыстағы барлық мемлекеттік бағдарламалар бар. Қандай кепілдіктер бар, соның барлығын біріктіріп, осы пилоттық жобаға бәрін іске қостық.

Тың жоба қалада жүріп қамығып, туған жерін сағынып жүргендер үшін таптырмас мүмкіндік. Тек ауылдағы мамыражай тіршіліктің тігісін сетінетпеу үшін тірлік қылатындар аз болғаны өкінішті.

← Барлық жаңалықтар