Мазмұнға өту
· 6 қаралым

әйгілі опера әншісі Андреа Бочеллидің баспанасын тонап кетті

Ұрылар қолма-қол ақша, зергерлік бұйымдар мен қымбат сағаттарды қолды қылған.

Италияда қаскөйлер жаһанға әйгілі опера әншісі Андреа Бочеллидің баспанасын тонап кетті. Ұрылар әлемге танымал адамдарды да аямайды. Олар аты мәшһүр тенордың дүние-мүлкін көтере алғанша үптеп кеткен. Көз жанарынан айырылып, соңғы кездері көруден қалған әртістің мүгедектігіне де қарамай, қолма-қол ақшасын, зергерлік бұйымдары мен қымбат сағаттарын қолды қылыпты. Шығын мөлшері жарты миллион долларға жуықтайды. Бір қызығы, дәл сол күні Бочеллидің отбасы зәулім үйді америкалық туристерге жалға берген екен. Әлемдегі өзге де оқиғалар келесі топтамада.

Келісім тоқтады

АҚШ пен Иранның келісімі тек қағаз жүзінде қалып қойды. Қос тарап біраз уақыт үнсіздіктен соң бір-бірін тағы атқылай бастады. Қырғынның барлығын бастаған тағы да Ақ үй екен. Пентагон бұл жолы Ислам Республикасындағы әскери нысандарға шабуыл жасады. Бірақ Америка мұны Иранға жауап ретінде қарастыруды сұрады. Себебі Тегеранның дрондары Ормуз бұғазындағы жүк кемелеріне бірінші болып шабуылдаған көрінеді. Ал ашуға булыққан Ислам революциясы сақшыларының корпусы көп кешікпей Американың Кувейт пен Бахрейндегі әскери базаларын нысанаға алды. Енді Иран мен Араб елдері арасындағы кикілжің қайта өршуі мүмкін. Осы жайттардан соң екі мемлекет әрең дегенде қол жеткізген меморандумның күші жойылып кетуі де ғажап емес. Дональд Трамп Тегеран бір мәмілеге келмесе, күшпен елді басуға тура келетінін ашық мәлімдеді.

1400 адам опат болды

Венесуэлада болған алапат жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 1400 адамнан асты. Опат болғандардың қатары сағат санап артып барады. Тағы үш мың адам түрлі дене жарақатын алған. Қазір тағы 55 мыңға жуық тұрғынның жағдайы белгісіз қалып отыр. Мамандар іздестіру және құтқару жұмыстарын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Мәселен, кеше құтқарушылар Ла-Гуайра аймағында үйінді астында қалған 11 жастағы баланы шығарып алды. Жеткіншек үш тәулік бойы опырылған ғимараттың арасында жатқан. Зілзала салдарынан ел аумағында 383 ғимарат, 13 аурухана және 25 сауда орталығы қирап, инфрақұрылымға айтарлықтай зақым келді. Билік өкілдері зардап шеккен өңірлерде төтенше жағдай режимін күшейтіп, тұрғындарға гуманитарлық көмек жеткізіп жатыр.

Ұшақ құлады

Францияның Нормандия аймағына қарасты Томблен қаласында қайғылы оқиға болды. Елдің солтүстік-шығысында парашютшілер мінген ұшақ апатқа ұшырады. Спортшылар кезекті рет биіктіктен секіру үшін көкке көтерілген екен. Төтенше жағдайдан әуе кемесінде отырған 11 адам опат болды. Оның ішінде пилот пен бес нұсқаушы бар. Шағын ұшақтың құлауына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Оқиғаның жай-жапсарын құзырлы органдар анықтауға кірісті. Авиация саласындағы күтпеген оқиғаға байланысты Францияның ішкі істер министрі Томблен қаласына арнайы келді. Елдің бас полицейі құтқару-тергеу жұмыстарымен танысып, жергілікті билік өкілдерімен және марқұмдардың туыстарымен кездеседі деген жоспар бар.

Аптап ыстық Еуропаны аямады

2026 жыл Кәрі құрлық үшін бітпейтін сынақтармен өтіп жатыр. Жаздың алғашқы айында Еуропаның бірнеше елінде күн ысып, жұртты әбден әбігерге салды. Сынап бағанасы кей аймақтарда 40 градустан мүлде түспей тұр. Ми қайнайтын ыстықтан халық қайда барып бой тасалайтынын білмейді. Аптап ыстыққа байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус та дабыл қақты. Эфиопиялық дипломаттың сөзінше, қазір Еуропа құрлығы өзге аймақтармен салыстырғанда екі есе жылдам қызып жатыр екен. Сондай-ақ, аймақта 150 миллион адам экстремалды ыстықта өмір сүріп келеді. Мұндай жағдай мемлекеттердің денсаулық сақтау, энергетика мен білім жүйесіне салмақ салады екен. Айналдырған бір аптаның ішінде Кәрі құрлықта ауа райының қолайсыздығынан 1300 адам бақилық болды. Бір ғана Францияда 110 адам келмеске кеткен.

← Барлық жаңалықтар