Мазмұнға өту
· 5 қаралым

30 жылдық тарихы бар Сенаттың соңғы отырысы өтті

Жүздеген депутаттың ізі қалған, мыңдаған заң жобасын түзген беделді орган соңғы отырысын өткізді.

30 жыл бойы ел үшін еңбек еткен Жоғарғы палата тарих қойнауына кетті. Сау бол, Сенат! Жүздеген депутаттың ізі қалған, мыңдаған заң жобасын түзген беделді орган бүгін соңғы отырысын өткізді. Ал енді ондағы депутаттар қайда барады? Алда тағы қандай өзгерістер келе жатыр?

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

1995 жылы негізі қаланған және тура 30 жыл бойы ел заңын екшеген Парламент Сенаты өзінің ең соңғы отырысын өткізді. Осы аралықта Жоғарғы палата 890 пленарлық жиынның көрігін қыздырып, мемлекет тағдырын айқындаған 3,5 мыңнан астам заңды қабылдапты. Сондай-ақ, халықтың мұң-мұқтажы мен қоғамның ең өзекті түйткілдерін арқалаған үш мыңға жуық өткір депутаттық сауал Үкіметке жолданған. Сенат тарихында барлығы 246 азамат депутат мандатын иеленген. Төраға Мәулен Әшімбаев жұдырықтай жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып қызмет еткен барша әріптесіне алғысын білдірді.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сенаторлар өздеріне жүктелген миссияны толық орындауға бар күш-жігерін жұмсады. Осы тарихи сәтте ең алдымен Мемлекет басшысына өзімнің және барша сенаторлардың атынан бізге артқан жоғары сенімі, реформаларды бірлесе жүзеге асыруға берген зор мүмкіндігі және тұрақты қолдауы үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз.

Депутаттар да осындай ортада қызмет еткендеріне дән риза. Олар бұл жылдарды ел үшін маңызды шешімдер қабылданған, талай заң талқыланып, талай түйткілдің түйіні тарқатылған жауапты кезең ретінде бағалады.

НУРИЯ НИЯЗОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Мен өз мемлекетімнің патриоты болып қала беремін, алдағы уақытта да елімнің игілігі үшін адал әрі жауапкершілікпен еңбек етемін. Әріптестеріме деген көзқарасым әрдайым жылы, олардың әрқайсысынан мен өзіме қажет өмірлік тәжірибе мен адамдық қасиеттің үлгісін алдым. Сол ортада бірге атқарған жұмысым мен үшін жай ғана қызмет емес, ішкі дүниемді байытқан маңызды кезең болды. Енді сол тәжірибені өз ісімде жалғастырамын.

Енді 1 шілдеден бастап еліміздің саяси жүйесінде жаңа кезең басталады. Парламенттің Жоғарғы палатасы — Сенат өз жұмысын ресми түрде тоқтатып, екі палаталы жүйенің орнына Құрылтай қызметіне жол ашылады.

Осы тарихи өзгеріс қарсаңында Мәулен Әшімбаев жаңа саяси реформалардың мәні мен болашағына тоқталып, Құрылтайдың құрамы ел сенімін арқалайтын, мемлекет мүддесін бәрінен биік қоятын, білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсайтын азаматтардан жасақталуы тиіс деді.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Құрылтайда келешегі жарқын саясаткерлер, жаңа тұлғалар, қазіргіден көбірек жастар мен әйелдер, өңірлерден барынша көп өкілдер болса, еліміз үшін өте маңызды және пайдалы болар еді. Сенат және Мәжіліс депутаттары барлық идеясын іске асырып, барын сарқып беріп болды демеймін. Бірақ қазіргідей белсенді өзгерістер заманында мемлекеттік басқару жүйесіне барынша көбірек азамат тартылуы қажет.

Ал енді қызметі аяқталған депутаттар қандай жұмысқа ауысады дегенде, Сенат спикері ешкім далада қалмайтынын ашық айтып, олардың бәрі білімді, білікті, тәжірибесі мол кәсіби мамандар екенін айрықша атап өтті. Осыған сай, бір бөлігі Құрылтай жұмысына ауыстырылса, қалғаны Халық кеңесінде қызметін жалғастырмақ.

ҚУАТ ҚҰДАЙБЕРГЕН, ТІЛШІ:

Жиын соңында Сенат төрағасы БАҚ өкілдеріне де бірлескен жемісті еңбегі үшін алғыс білдіріп, сұхбат барысында қойылған әр сұраққа егжей-тегжейлі жауап берді. Мәулен Әшімбаев топпен бірге де, журналистердің әрқайсысымен де естелікке суретке түсіп, арқа-жарқа болып тарқасты. Айта кетейік, ертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Мәжіліс пен Сенаттың соңғы бірлескен отырысы өтеді. Ал жаңа форматтағы Парламент сайлауы тамыз айына жоспарланып отыр.

← Барлық жаңалықтар