Қыз-жігіттер соңғы кездері кеңседе отырып қызмет етіп, бір айлыққа байланудан қашатын болған. Таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейінгі график оларға тура келмейді екен. Одан да курьер болып көше кезіп, кофе құйып тапқанды дұрыс санайды. Әлбетте, таңдау мен талғамға талас жоқ. Дегенмен, бұл тенденция еңбек нарығында маман тапшылығын тудырмай ма?
Жансейт Ермеков еріккеннен бариста болып жүрген жоқ. Қатарда қалудың, қаптаған несиені жабудың жалғыз жолы осы. Өйткені айлығы тәуір. Бүгінде табақтай қос дипломы тұтамдай тірлікке жарамай тұр. Тәжірибенің жоқтығы аяққа тұсау болғаны бір. Мамандықпен жұмыс істеуге танысың болмаса, табысың артпайды деп кейиді.
ЖАНСЕЙТ ЕРМЕКОВ, ЖАС МАМАН:
Оқу болғанымен, диплом болғанымен, көп жерде тәжірибе сұрайды. Сол жағынан қиын. Егер таныс болса, ол жерде әңгіме басқаша болар еді. Үкіметтің жұмысы жаман емес, жақсы. Бірақ сол жаңағы айтқанымдай, дәрежең болып көтерілмесең, ол кезде кішкене аздау айлық аласың. Ал аз айлықпен алысқа бармайсың. Бариста жұмысы негізі өзіме ұнайды. Кішкене таза, ыңғайлы. Ұжымда жас балалар, өзіммен жасты балалар жүреді.
Сол себепті қазіргі таңда тұрақты жұмысқа тұруға ұмтылатындардан гөрі платформалық қызметке ентелейтіндер көп. Сөмке асынып көшеде жүргендер мен саудаға білек түргендердің дені жастар. Себебі қоғамда мұндай мамандықтарға сұраныс көп. Ал бүгінгі буынның қызметтің ішіне үңілмей, таңдаған мамандығынан түңіліп кетуіне бірнеше себеп бар.
ӘСЕМ ҚАЙДАРОВА, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ:
Бірінші — жастардың құндылықтарының өзгеруі. Яғни жастар тез байығысы келеді, тез ақша тапқысы келеді. Екінші — әлеуметтік-экономикалық сұраныс. Қоғамда осындай қызметтерге деген сұраныстың артуы. Яғни қазір платформалық қызмет дейді ғой. Осындай қызметтерді еңбек нарығы көп ұсынғандықтан, жастар да осыған тез бейімделіп кетті. Үшінші себебі — инфляция, өмір сүрудің қиындауы.
Еңбек министрлігінің дерегінше, елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық 3 пайызды құрап отыр. Оларды тұрақты қызметпен қамту үшін мансап орталықтары құрылған. Бір ғана бас қаланың өзінде жылына бес мыңға жуық адам осы мекеменің қызметіне жүгінеді.
Тіпті тәжірибесізге тәлім беру үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы іске қосылыпты. Соның негізінде 130 мың теңге айлық беріп, тәлімгер тағайындап, қолдан келгенше қолғабыс етеді. Алайда…
АИДА ЖАМАНҒАРИНА, ҚАЛАЛЫҚ ЕҢБЕК МОБИЛЬДІЛІГІ ОРТАЛЫҒЫ КММ ЕСІЛ, НҰРА АУДАНДАРЫНЫҢ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қазіргі таңда бізге жастар жұмыс іздеп келеді. Бірақ қазіргі жастар жалақының жоғары болуын талап етеді және жұмыс кестесін сұрайды. Қазіргі таңда проблема — жастардың көбі уақытша жұмыстарға кетіп қалып жатыр. Оның себептері кейде мамандықты ата-ана таңдап береді. Ол диплом алады, бірақ сол дипломмен жұмыс жасағысы келмейді.
Жыл басынан бері 75 мың жас жұмысқа орналасса, олардың 50 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылған. Алайда мамандар жас толқынның құс жастықты жастанып, жақсы қызметке мастанып жүретін сәтті күтпей, табысы тәуір мамандыққа бет бұрғаны дұрыс дейді. Сондықтан мемлекет күндік жұмысқа көңілі ауғандарға да қолайлы жағдай жасауға көшкен.
МҰХТАР ТӨЛЕУ, ҚР ЕХӘҚМ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Мысалға, такси қызметтері, жеткізу қызметтері, ол жерде платформалық жұмыспен қамту тіркеледі. Және тіркелгеннен кейін 4 пайыз көлемінде әлеуметтік төлемдер төленеді. Оның ішінде зейнетақы төлемі, әлеуметтік төлем, медициналық сақтандыру бар.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСҰЛАНҰЛЫ, ТІЛШІ:
Қазіргі жастар жұмыстың еркін болғанын қалайды. Кәсіптік мамандықты менсінбей, оны қара жұмысқа балайды. Алайда қолайлысын таңдаймын, жалақысы аз болса бармаймын деп кеуде кермей, тұрақты қызметтің тұғырына көтерілу болашақтың кепілі болса керек.