Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертпек.
Ата заңға сәйкес, билік тармақтарының құрылымы қайта жасақталып, бірқатар жаңа мемлекеттік институт құрылады.
Осы ретте сарапшылар бұл тарихи құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге бағытталып отырғанын атап өтті.
Саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірінше, конституциялық реформалар ең алдымен билік пен қоғам арасындағы байланысты жаңа деңгейге шығарады.
Ал сан қилы өзгерістер заман талабына сай енгізілгенін атап өтті.
ТАЛҒАТ ҚАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:
Тек қана біздің қоғам емес, бүкіл дүниежүзінде жасанды интеллект пайда болды. Интернетте басқаша стандарттар дамып жатыр, сондықтан адамдардың арасындағы қарым-қатынас өзгеріп жатыр. Қоғам мен мемлекет арасындағы жаңадан бір тәжірибе болып жатыр. Сондықтан бізде де жаңа Конституция соның бәріне бір жауап беруі керек.
Сонымен қатар, еліміздегі саяси реформаларға қатысты Түркі ұйымының бас хатшысы да пікірін білдірді.
Оның айтуынша, Конституция әр адамның өміріне тікелей әсер етеді.
Өркендеу жолында халық пен билік бірлесіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосқаны өте маңызды.
ӨМЕР ҚОЖАМАН, ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:
Конституциялық өзгерістердің мазмұнына назар аударсақ, ел үшін реформалардың маңызды екенін байқауға болады. Бірінші кезекте бұл қазақ халқының дамуына, өсіп-өркендеуіне септігін тигізері сөзсіз. Реформатор ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі өте зор. Шын мәнінде, Түркі әлемінде, Түркі мемлекеттері ұйымының қуатты мүшесі болып табылатын Қазақстанның саяси және экономикалық дамуы, тұрақтылығы біз үшін өте маңызды.
Жанар Арғын