Мазмұнға өту
ШҰҒЫЛ
· 105 қаралым

Президент қазақстандықтарға үндеу жасады

Бүгін еліміздің басты құжаты — жаңа Конституция күшіне енді. Осы тарихи оқиғаға орай Мемлекет басшысы үндеу жасап, Қазақстан халқын құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, енді тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады. Еліміз саяси-экономикалық реформалардың, ауқымды өзгерістердің және қарқынды дамудың даңғыл жолына түседі. Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады. Президент биыл 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумда халқымыз ел тағдырына тікелей ықпал ететін және мемлекеттің ондаған жылдарға арналған даму бағдарын айқындайтын таңдау жасағанын жеткізді. Әрі мұны жауапкершіліктің озық үлгісі деп атады. Сондай-ақ Ата Заңның мән-маңызына тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл тарихи шешімнің төл шежіремізде алтын әріппен жазылатыны анық. Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата Заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі. Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. Бұған еш күмәнім жоқ.

← Барлық жаңалықтар