Бүгіннен бастап 145 депутат жұмыссыз. Тіпті күзде қай қызметке оралатыны да әзірге белгісіз. Өйткені жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай құрылып, халық қалаулылары қайта жасақталады.
МАРЖАН НҮСІПБЕК, ТІЛШІ:
VIII шақырылымның депутаттары қос палаталы Парламент — Сенат пен Мәжіліс тарихындағы соңғы көш болды. 2023 жылы сайланған халық қалаулылары үш жыл ішінде 300-дей заңның қабылдануына мұрындық болған. Ал кешеден бері олар кабинеттерін босатып жатыр. Ол орынға қайта орала ма, жоқ па — уақыт еншісінде.
Сондықтан алдымен көңіл күйлерінің қалай екенін сұрадық. Соңғы жұмыс күні болған соң ба, әлде арқадан ауыр жүк түсті ме, кім білсін, біразы дән риза.
НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:
Қимастық жоқ, көңіл күйіміз керемет. Шабытымыз керемет.
Бірақ сол шабытты енді қайда жұмсайды? Алдағы жоспары қандай?
МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:
Көреміз. Бірақ мен өз белсенділігімді тек Парламентпен байланыстырмаймын. Парламентке дейін де белсенді болдым, мәселе көтердім. Парламентке дейін де шенеуніктерді сынайтынмын. Парламент депутаты болсам да, болмасам да, шенеуніктерге айтқым келеді: бәрібір мәселе көтеремін, бәрібір белсенді боламын. Бәрібір халықтың сөзін сөйлеймін.
Халық үнін билікке жеткізетін жандар аз жұмыс істемедік деп отыр. Бірі 50 шақты депутаттық сауал жолдадым десе, бірі тұрмыстық зорлық-зомбылық, сталкинг, психология, коллекторлар қызметі сынды заңдардың қабылдануына түрткі болған. Енді бірі кейбір мамандардың жалақысын көтеруге атсалысқан.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:
Утильалым мен алғашқы төлемге қатысты сауалым болды. Орманшылардың жалақысы көтерілуі керек деген сауалым болды, білесіздер, Семей орманындағы өрттен кейін. Оның нәтижесінде алғашында айлық екі есе көтерілді деген есеп алдық. Бірақ ол басшылық құрамға көтеріліп, былтырдан бері орманшылардың, қарапайым жұмысшылардың жалақысы екі есе көтерілгенін өздеріңіз көрдіңіздер.
Алайда VIII шақырылымнан да аузын ашса, айды аспанға шығаратын депутаттар табылды. Бірі анасын құттықтады.
АРДАҚ НАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:
Қадірлі анашым, сізді шын жүректен құттықтаймын. Сіздің мейірімге толы жүрегіңізге, жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім.
Енді бірі әйелінің гештальтын жабамын деп басы дауға қалды. Осылайша салмақты сауал жолдаудың орнына басқа тірлікпен айналысып, қоғамның сынына қалды. Бірақ оны өзге әріптестері сөкпеді.
АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:
Депутаттар этикасы деген регламентпен бекітілген құжатымыз бар. Соған сәйкес депутат депутатты сынамауы керек. Сондықтан ондай сын-пікір айтуға болмайды. Жалпы, салыстырмалы түрде VIII шақырылым жаман жұмыс жасаған жоқ деп ойлаймын. Халыққа әлдеқайда ашық болды.
Осылайша бұл депутаттар Сенат пен Мәжіліс дәуірін біржола аяқтады. Жазғы демалысында жер-жерді аралап, халықпен кездесуді де әзірге доғарады. Ал Құрылтайдың жаңа құрамынан кімдерді көретініміз әзірге белгісіз.