Ұлттық ұланның мұражайы ерекше жәдігермен толықты.
Кәсіпқой бокстан әлемге әйгілі жерлесіміз Геннадий Головкин музей қорына қолтаңбасы қойылған қолғабын тарту етті.
«Сарбаздар үшін бұл аңыз адамның спорттық жабдығы ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының символы әрі нағыз жігер берер жәдігер», — дейді мұражай қызметкерлері.
Мәселен, борышын өтеп жүрген жауынгер Марлен Сұрамаев Головкиннің жекпе-жектерін көріп, оның шеберлігіне, темірдей тәртібі мен төзімділігіне тәнті болып өсіпті.
Сөйтіп, өзі де боксқа келген.
Бүгінде ол — спорт шеберіне үміткер, Қазақстан чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері және Алматы қаласының чемпионы.
МАРЛЕН СҰРАМАЕВ, ҚР ІІМ ҰЛТТЫҚ ҰЛАНЫ №5573 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІСІ:
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарында жүріп, Геннадий Головкиннің қолтаңбасы бар қолғапты көремін деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Мен әр жексенбіде Геннадий Головкиннің жекпе-жегін көру үшін таңертең ерте тұратынмын, бұл мен үшін үлкен мотивация болды. Сондай-ақ мұндай спортшылар бізді жеңіске жетелеп, ешқашан берілмеуге жігерлендіреді.
Жақында Марлен «Құрмет» қарауылы ротасының құрамында өзінің кумиріне арналған құттықтау видеоролигінің түсіріліміне қатысыпты.
Ұлттық ұлан сарбаздары атақты боксшыны Халықаралық бокс даңқы залына енуімен құттықтаған.