Елордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы өтті. Алыс-жақын шетелден келген 30-ға жуық іскер азаматтың басын қосқан жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның инвестициялық саясатын жетілдіру мен экономиканы әртараптандыру бағыттарына тоқталды. Президент сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, еліміздің экономикасы қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Мысалы, былтыр еліміздің экономикасы 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 300 миллиард доллар межесінен асқан. Инвестиция тарту ісінде де еліміздің әрекеті мығым.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша еліміз Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтауды көздейді. Тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асып, аймаққа құйылған барлық қаржының шамамен 70 пайызын құрады. Осы экономикалық табыстарға негізінен саяси тұрақтылықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Жалпыұлттық тарихи референдумның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдадық, бұл құжат қазірдің өзінде Халықтық Конституция ретінде танылды. Негізгі Заңның бүгінгі отырыс қарсаңында күшіне енуі символдық мәнге ие. Жаңартылған конституциялық нормалар инвесторлар құқығын барынша жоғары деңгейде қорғайды.
Сондай-ақ Президент Кеңес мүшелеріне заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруға қатысты қарқынды жұмыс атқарылып жатқанын мәлімдеді. Деректерді өңдеу орталығы құрылып, ол жерде әлемдік технология алпауыттарының басы қосылмақ.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Инвестицияларға цифрлық дәуір талаптарына сай келетін заманауи нормативтік-құқықтық база кепіл болады. Жақында Парламентте қабылданған Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және Digital Qazaqstan стратегиясы ел дамуының айқын технологиялық жол картасын түзеді. Бұл құжаттар инновацияға, инвестиция тартуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге де лайықты жағдай жасайды. Бұдан бөлек, Қазақстанның цифрлық экономикасының негізгі элементтерінің бірі саналатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құруға ниеттіміз. Бірегей жоба жаһандық капитал мен әлемнің жетекші технологиялық компанияларының басын қосатын қуатты орталыққа айналмақ. Amazon, G42 және басқа да салалық көшбасшылар осы экожүйеге қатысу мүмкіндігін қарастыра бастады.