Мемлекет басшысы «Қазақстан Халық Кеңесінің кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Президент Әкімшілігіне Кеңестің хатшылығын құру міндеті жүктелді. Жұмысын күзде бастайтын бұл органға артылып отырған міндет ауқымды. Оның құрамында 126 адам болады. Оған еліміздегі этностардың, қоғамдық бірлестіктер мен мәслихаттардың өкілдері кіреді. Өкілеттік мерзімі төрт жыл болып бекітілген Кеңес мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді әрі оларға жалақы төленбейді. Кеңестің негізгі шешімдері сессияда қабылданады, ал сессиялар аралығында тұрақты алқалы орган мен хатшылық жұмыс істейді. Кеңес ішкі саясат бойынша ұсыныстар енгізіп, заңдарды әзірлеуге қатыса алады. Сондай-ақ референдум өткізу туралы бастама көтеріп, қоғамдық талқылаулар мен бақылауға атсалысады. Азаматтар Халық Кеңесі арқылы өз ұсынысы мен мәселесін билікке жеткізе алады.