Жаңа Ата Заңымызда азаматтардың жеке өмірі мен деректерінің қорғалуына, цифрлық байланыс арқылы берілетін хат алмасуларға, электрондық құжаттардың құпиялылығына кепілдік беріледі. Еліміздің басты құжатындағы өзгерістер киберқылмыстың алдын алып, интернет алаяқтарына заң жүзінде қатаң тосқауыл болмақ. Осылайша өзгенің атынан несие рәсімдеп, жеке деректерді қолды қылатын қаскөйлермен күрес күшейтіледі.
Енді әр азаматтың жеке деректері Ата Заң деңгейінде қорғалады. Бұл жаңа Конституцияның 21-бабында тайға таңба басқандай жазылған. Әр азаматтың жеке басына қатысты ақпаратты заңсыз жинауға, өңдеуге және пайдалануға болмайды. Бұл норманың дәл қазір еліміздің басты құжатына енгізілуі бекер емес. Жаһандық деңгейде киберқылмыс белең алып, жеке мәліметтердің қолды болу қаупі артқан тұста мемлекет бұл мәселені тікелей өз бақылауына алды. Енді дербес деректерді қорғауға мемлекеттің өзі ең жоғары деңгейде кепілдік береді. Бұл реформаның маңызы мен ел болашағы үшін өзектілігін Мемлекет басшысы да ерекше атап өткен болатын.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Бұл — Цифрлық Қазақстанды құрудың негізгі алғышарты. Қазақстан мүлдем жаңа сипаттағы Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылдаған жаһандағы алғашқы елдердің бірі. Бұл қадам толыққанды Цифрлық ел болу үшін заманауи инфрақұрылымдық негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Енді азаматтар eGov қосымшасы арқылы жеке деректерін өңдеуге берген келісімін кез келген уақытта қайтарып ала алады. Сонымен қатар жеке ақпаратты жоюды, жасыруды немесе өңдеуді шектеуді талап ету құқығы беріледі. Ал жүз мыңнан астам құпия дерекпен жұмыс істейтін ұйымдар үшін міндетті биометриялық аутентификация енгізіледі. Бұдан былай деректердің сыртқа шығуы тіркелсе, операторлар бұл туралы мемлекет пен азаматтарды дереу хабардар етуге міндетті.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ — ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Жасанды интеллект дәуірінде азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау — цифрлық мемлекетке деген сенімнің іргелі шарты. Бұл нормалардың конституциялық деңгейде бекітілуі қазақстандықтардың құқықтарын қорғауды сапалық жаңа деңгейге көтереді және жаңартылған Конституция технологиялардың тек адам игілігі үшін қызмет ететініне, ал заңның цифрлық әлемде әрбір азамат үшін сенімді қалқан болатынына кепілдік беретін қауіпсіз әрі әділ қоғам құруға жол ашады.
Ата Заңымыз қаржы саласына да өзгеріс әкеледі. Бұдан былай банк автоматтандырылған скоринг жүйесі арқылы несие беруден бас тартса, азамат мұндай шешімді қайта қарауды талап ете алады.
ӘЛИЯ ЖАУКЕЕВА, САРАПШЫ:
Банктің скоринг жүйесі сізге несие берілмейді деген жауап берсе, біріншіден, шешімді адамның қатысуымен қайта қарауды талап ете аласыз. Сонымен қатар, ең бастысы, машинадан нақты түсіндірме сұрай аласыз. Яғни банктер сізге кодтарын бермейді, бірақ себебін түсіндіруге міндетті.
Заңгерлер мен IT саласының сарапшылары жаңа құқықтық нормаларды халықаралық тәжірибеге сай жасалған маңызды қадам деп бағалап отыр. Олардың айтуынша, цифрлық құқықтарды конституциялық деңгейде бекіту азаматтардың жеке мәліметтеріне мемлекеттің кепілдігін күшейтіп, технологиялардың жауапкершілікпен қолданылуына құқықтық негіз қалыптастырады.
ЖАМАЛ ИБРАГИМОВ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:
Мұны жаңа Конституциядағы ең басты нормалардың бірі деп айта аламыз. Мұндай норма көптеген елдің Конституциясында жоқ. Бұл — әр азаматтың цифрлық құқықтары мен жеке мәліметтерінің мемлекеттік деңгейде қорғалуы, оған мемлекеттің кепілдік беруі. Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін жасанды интеллект, Цифрлық кодекс туралы заңға байланысты әр азаматтың жеке цифрлық құқығы қорғалады және мемлекет тарапынан кепілдік беріледі.
Қысқасы, жаңа Ата Заң технологиялар қарыштап дамыған заманда әрбір қазақстандықтың виртуалды әлемде де өзін қауіпсіз, қорғалған және жайлы сезінуіне толық кепілдік береді.