Елімізде тұрғын үй саудасы нарығында жыл сайын 450 мыңдай келісім жасалады екен. Оның 80 пайызы көпқабатты үйлердегі пәтерлерге тиесілі. Жаңа қонысына көшіп, көңілі жайланып жатқан жұрт көп. Бірақ барлығы емес. Су жаңа үйлерінде сергелдеңге түсіп жүргендер жетерлік. Бір жыл өтпей жатып қақыраған қабырға, жарылған еден мен тесілген шатырдан шыдамы сарп болып, бітпейтін коммуналдық проблемаға қарық болып жатқандардың қарасы көп. Бұқараны мұңға батырған мердігер мен оның жұмысын жіті тексеруге тиіс әкімдіктің арасындағы дау да өзекті тақырып.
ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:
Бұл Сарайшық ауданындағы «Адам арманы» тұрғын үй кешені. Бірақ бар жиғанын баспанаға салған азаматтар бас қалада мұндай үйде тұруды армандамаса керек. Бұл ғимарат құрылысы ұзаққа созылғаны былай тұрсын, сапасы сын көтермейтін болып шықты.
Тірнектеп еңбек етіп, тиыннан теңге құрап, Астанадан баспана алдық деп шаттанған бұл жердегі тұрғындардың сезімі су сепкендей басылған. Үй алып қуанудың орнына жергілікті тұрғындар мердігердің соңынан қуып шаршапты. Себебі құрылыс компаниясы уәдені үйіп-төккенімен, іске келгенде сылдыр сөзден аспаған. Ең сорақысы — зәулім ғимараттың сапасы мемлекеттік стандарттарға мүлдем келмейді.
СӘБИРА БЕКБОЛАТ, ТҰРҒЫН:
Үйдің сапасы өте нашар. Мысалы, мына крыша дейміз ғой, ол жерде кровля, вытяжка, неше түрлі өртке қарсы қауіпсіздік, техэтаждар. Паспорт бойынша бізге көрсеткен құжат бойынша болмай шықты. Өте көп өрескел заңбұзушылықтар бар.
Сапасыз үй салып, тайып тұрмақшы болған компанияның бұл қылығы тұрғындардың ашуын туғызды. Жұртты алдаған мердігер өз шикілігін жасыру үшін халықтың рұқсатынсыз заңсыз бірлестік құрып, барлық мәселені жұрттың өзіне аудара салуды көздеген.
СӘБИРА БЕКБОЛАТ, ТҰРҒЫН:
Құрылыс толық аяқталмай жатып, осы екі айда срок гарантии біткеннен кейін ол кісі әрекетіне көше бастады. ОСИ құрамыз деп, заңсыз ОСИ құруға халықты, тұрғындарды алдап, совет дома құрамыз деп, қол жинап, халықтың сыртынан құрып, құжаттарды берді деп естідік. Кеше бүкіл халық жиналып, соған қарсымыз, ОСИ-ге қарсымыз деген хат жиналды. Қазір прокуратураға, сотқа, барлық жаққа арызымыз дайын тұр.
Құрылыстағы шикілікті реттеуге атқарушы биліктің шамасы келмейді деп түңілген жұрттың үрейі басым. Себебі мердігер ертең қабылдау актісіне қол қойғызып, тайып тұрса, бітпей қалған орасан шаруамен халық оңаша қалмақ.
ӘНУАРБЕК САЛИХОВ, ТҰРҒЫН:
Халық ипотекаға алды. Ешкімнің ештеңесі кетіп жатқан жоқ. Халық төлеп жатыр. Тұрып жатыр. Көресіні көріп жатқан халық, біз. Мына застройщиктің сроки бітіп жатыр уже мына үйдің. Акт ввода береді де, ертең қашады да кетеді. Негізі істейтін шаруа көп.
Осы тұрғын үй кешеніндегі толғауы тоқсан мәселеге қатысты біз де «Вип-Жилье» құрылыс компаниясының басшылығына хабарласып көрдік. Алайда нәтиже жоқ. Осыған дейін 400-ге жуық пәтер иесін құрғақ уәдемен алдарқатып келген жауапты тұлғалар қазір телефон тұтқасын көтеруден қалған. Ал құқыққорғаушылар мұндай жағдайда мердігерді заң шеңберінде ғана сабасына түсіруге болатынын айтады.
БАУЫРЖАН АЙЫМБЕТОВ, ЗАҢГЕР:
Бірінші кезекте жазбаша талап жолдауы керек сол құрылыс компаниясына немесе кепілдік міндеттемесі жүктелген ұйымға. Ол талапта барлық өзіңіздің дәлелдемелеріңізді, бірінші кезекте фото және видео дәлелдеме ұсыну керек. Одан кейін тәуелсіз сараптама жүргізіп, соның қорытындысын ұсынып, яғни анықталған кемшіліктерді жою үшін сондай талаппен жүгіну керек. Егер құрылыс компаниясы ондай талапқа ешқандай назар аудармай, аталған кемшіліктерді жоюдан бас тартатын болса, бізде сәулет бақылау органдары бар жергілікті. Сол органдарға жүгіну керек, тұтынушылардың құқығын қорғау органдары бар, немесе сотқа жүгіну керек.
Білікті маман нұсқаған бұл жолмен ашынған халық әлдеқашан өткен. Сабыры сарқылған тұрғындар құрғақ уәдені үйіп-төккен компанияны сотқа беріп үлгерген. Тіпті сот шешімі де шығыпты. Оған сәйкес мердігер 1 тамызға дейін барлық кемшілікті жоюға міндетті. Алайда жауапты серіктестік міндеттемесін орындаудың орнына қолда барды сатып, ізін суытуға көшкен. Ашынған жұрт құрылыс салушы үйдің астындағы автотұрақты да сатып жіберді дейді. Елордада мұндай шикі құрылыстың жыры жалғыз бұл емес. Жыл басынан бері бас шаһарда дәл осындай арыз-шағымдардың негізінде 271 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша заңбұзушылықтарды жоюға қатысты 156 нұсқама беріліп, 193 миллион теңгеге 566 айыппұл салынды.
АЛТЫНАЙ БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, АСТАНА ҚАЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Ең бірінші өтініш беруші басқарманың атына өзінің өтінішін қалдыру керек, содан кейін 30 күннің ішінде басқармамен жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс салушыға нұсқама беріледі заңбұзушылықтарды жою бойынша. Егер де нұсқаманы орындамайтын болса, сот жүзінде қарастырылатын болады.
Шағым түскен соң құзырлы органдар тексеріс бастағанымен, оның нәтижесі көбіне қағаз жүзінде қалады. Өйткені құрылыс саласындағы бассыздықтың тамыры тереңге жайылған. Сәулет-құрылыс бақылауы қанша жерден нұсқама берсе де, бармақбасты, көзқысқыға бой алдырған сұр нарықтың айласы таусылар емес. Сала мамандары баспана сапасының нашарлауын тек заңның әлсіздігінен көрмейді. Өзге де түйіткілдер жетеді екен.
ВИКТОР МИКРЮКОВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫС САЛУШЫЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ең бірінші әрі басты себеп — бізде құрылыстың сапасын нақты мамандар емес, әлеуметтік желідегі шу ғана анықтайтын болды. Өйткені саланың іші жемқорлыққа батқан. Техникалық қадағалау деген аты ғана, іс жүзінде мердігерлер сол технадзорды өз ақшасына сатып алады немесе өздеріне ыңғайлап қолдан құрып алады. Бұл — таза жемқорлық. Соның кесірінен нысандар сапасыз салынып, актілерге парамен қол қойылады. Жаңа Құрылыс кодексі осы олқылық пен парақорлықтың жолын кесуі тиіс. Ертеңгі күні сотталып, беделінен айырылғысы келмейтін сауатты бизнес қана қазір таза, кәсіби технадзор мамандарын жалдауға көшіп жатыр.
1 шілдеден бастап күшіне енген Жаңа Конституциямыздың игілігін халық енді көреді. Өйткені мердігерлердің түрлі сылтауларына құқықтық тұрғыдан тосқауыл қойылады. Бас құжат аясында әзірленген Құрылыс кодексіне сай бірден 138 жаңа акт бекітілді. Енді әр нысанға бірегей нөмір беріліп, жұмыс барысын халықтың өзі де қадағалай алады. Осылайша, реформалық талаптар баспана қауіпсіздігі мен мердігердің жауапкершілігін нақтылады.
ЖАНЕРКЕ САҒЫМЖАН, ҚР ӨҚМ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Жалпы елімізде Құрылыс кодексі нысанының кепілдік мерзімі 5 жылды құрайды, ал ғимараттың тіркеу конструкциясы деп жатырмыз, ғимарат көтерілген кездегі сыртқы қабырғалары негізі салу 10 жылға дейін кепілдік мерзімі көрсетіледі. Жалпы осы кепілдік мерзімі ішінде бұзушылықтар мен сәйкес келмейтін тұстары болса, онда қалған тұстарын осы мердігерлік мекемелер өз қаражаты есебінен осы кемшіліктерді жоюға міндетті болып табылады.
Жаңа заңның жобасы қағазда мінсіз, мердігерге міндеттелген талап та қатаң. Бірақ басты мәселе – бұл ережелер іс жүзінде қалай орындалады? «Адам арманы» сияқты ондаған кешеннің тұрғындары үшін қағаздағы құрғақ уәде емес, күнделікті қауіпсіздік пен нақты әрекет маңызды. Ендігі үміт жаңа Құрылыс кодексінің пәрменінде. Құзырлы органдар бұл істі аяқсыз қалдырмай, халықты тақырға отырғызған жауапсыз мердігерлерді заң алдында жауапқа тарта ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.