Мазмұнға өту
· 7 қаралым

Бір өкініш, бір үміт

Мүгедектігі барлар да доп тебе алады. Керек десеңіз, турнирлерге қатысып, мойынға медальді де таға алады. Теміртаулық екі азамат ерекше қажеттілігі бар жандарды жасыл алаңға шығарып, футболға бейімдеп жүр. Біреуі кезінде өзі де ала доп шебері болған. Алайда ауыр жарақат алып, үлкен спорттан қол үзген екен.

Бұл – Алмаз Асылбеков. Осыдан бірнеше жыл бұрын оның өмірі бір сәтте-ақ өзгеріп шыға келеді. Мектеп кезінде асыр салып жүргенде маңдайы үстел бұрышына тиіп, ауыр жарақат алады. Өкініштісі, жағдайы оңалмады, сол соққыдан кейін оған церебралды сал ауруы диагнозы қойылады. Десе де бұл жайт оның футболға деген құштарлығын өшірмеді. Керісінше, Алмаз ерік-жігерін қайта қайрап, ешкімнің жетелеуінсіз қарапайым аулада өзі жаттыға бастапты.

АЛМАЗ АСЫЛБЕКОВ, ИНКЛЮЗИВТІ ФУТБОЛ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Денсаулығыма байланысты мені еш жерге қабылдамады. Көп жағдайда мені жаттықтырудан бас тартты. Иә, расында мұндай жағдайда жауапкершілік бәрібір жаттықтырушының мойнында болады ғой.

Дамир Коримолов та футболды жанындай жақсы көретін жандардың бірі. Алмаз екеуін жақындастырған да, достастырған да осы спорт. Бала кезінен доп қуып өскен олар үшін бұл жай ғана ойын емес, ортақ арман мен мақсатқа жеткізетін алаң.

ДАМИР КОРИМОЛОВ, ФУТБОЛ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Мысалы, қыстың қақаған аязы -30, тіпті -35 градус суық болса да, көп адамның сыртқа шығуға құлқы болмайды. Ал Алмаз үшін ауа райы ешқашан кедергі емес. Оған қоңырау шалып, «қайдасың?» деп сұрасаң, жауабы дайын: ол алаңда. Боран соқса да, жаңбыр жауса да, күн ыстық болса да, Алмазды жасыл алаңнан табуға болады.

Дамир бірнеше жылдан бері балаларға футболдың қыр-сырын үйретіп, жаттықтырушы болып еңбек етіп келеді. Ал өткен жылы Алмазға бір ерекше идея келеді. Ол инклюзивті жастарға ала доп тепкізіп, оларды ортаға бейімдеу еді.

АЛМАЗ АСЫЛБЕКОВ, ИНКЛЮЗИВТІ ФУТБОЛ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Біріншіден, бұл – балалардың қарым-қатынасын жақсартып, ортаға бейімделуіне көмектеседі. Екіншіден, футбол – қимылды қажет ететін спорт түрі. Ол адамның денесін шынықтырып қана қоймай, өзіне деген сенімін арттырады. Осы жылдың басында мен футбол федерациясынан D санатты жаттықтырушы лицензиясын алдым. Содан кейін мүмкіндігі шектеулі жандарды футболға шақыру туралы хабарландыру жарияладым. Мақсатым – оларға спорт арқылы жаңа мүмкіндік беру және футболдың баршаға қолжетімді екенін көрсету.

Осылайша Дамир жолдасының бастамасына қолдау көрсетіп, оған көмектесуге шешім қабылдап, екеуі бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, іске кірісіп кетеді. Олар жаттығу өткізгендері үшін бір тиын ақы алмайды. Себебі басты мақсаттары – табыс табу емес, өз тәжірибелерімен бөлісіп, жақсылық жасау.

ӘДІЛЖАН ИСМАЙЛОВ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Алғашында қиын болды, оңайға соқпады. Бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттім. Жалпы, футбол маған қатты ұнайды. Әр жаттығудан кейін шаршап қайтамын, бірақ соған қарамастан көңілім көтеріңкі, өзімді бақытты сезінемін.

ЕРНАР ТӨЛЕУТАЙ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Маған біздің жаттықтырушыларымыз ұнайды. Футболға деген қызығушылығым өте жоғары. Жаз бойы футбол жаттығуларына қатысатын боламын.

Алмаз алдына үлкен мақсат қойып отыр. Қалай да инклюзивті футболды дамытып, түрлі турнирлер ұйымдастыру үшін барын салмақ.

АЛМАЗ АСЫЛБЕКОВ, ИНКЛЮЗИВТІ ФУТБОЛ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

Қазіргі арманым – Қазақстанның туын көкке көтеріп, футболды кеңінен насихаттайтын, осы спорт түрін дамытуға үлес қосатын танымал тұлға болу.

Иә, осындай игі бастамалар арқылы инклюзивті футболдың аясы кеңейіп, әр адамның спортпен айналысуға, өз мүмкіндігін көрсетуге және үлкен армандарға ұмтылуға құқығы бар екені дәлелденеді.

← Барлық жаңалықтар