Мазмұнға өту
· 5 қаралым

Әлем жаңалықтары

Шартараптағы оқиғалар: Лондондағы тәртіпсіздік, Қытайдағы дауыл, Түркиядағы орман өрті және Еуропадағы аптап.

Кезек Лондонға жетті. Былтыр Парижді астаң-кестең қылған марокколық жанкүйерлер өздерінің ең бұзық халық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кеше құрамасының Әлем чемпионатындағы ширек финалдағы жеңілісінен кейін, бір топ фанат Ұлыбритания астанасында шу шығарды. Ашуға булыққан мыңдаған мигрант тәртіп сақшыларымен қақтығысып, көліктерді қиратқан. Жаппай төбелестен бір полиция қызметкері зардап шеккен көрінеді.

ДҮЛЕЙ ДАУЫЛ ЕШКІМДІ АЯМАДЫ

Сары құрлықта ауа райы құбылып тұр. Мәселен, Қытайдың оңтүстігінде бірнеше күн жауған нөсердің соңы «Майсак» деп аталатын дауылға ұласты. Табиғаттың тосын мінезінен Гуанси автономдық ауданында 40 адам опат болды. Тағы оншақты тұрғын із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Синьхуа агенттігінің дерегінше, қаза тапқандардың басым бөлігі Наньнин қаласында. Себебі аймақта қызыл су ірі дамбаны шайып кетті. Құтқарушылар елді мекендерден мыңдаған тұрғынды қауіпсіз жерге көшіріп үлгерді. Ал су деңгейі кей жерлерде бірнеше метрге дейін көтерілді. Бас сауғалағандар баспаналарының шатырына шығып, көмек күтуге мәжбүр. Тасқын инфрақұрылымдарды тас-талқан етті. Шаруалардың бейнетпен еккен өнімдерін жарамсыз қылып, жарық бағаналарын құлатқан. Қазір билік шығын көлемін есептеп жатыр.

АЯҚ КИІМ ФАБРИКАСЫНАН ӨРТ ШЫҚТЫ

Бір айналдырса, шыр айналдырады. Бейжіңде төтенше оқиға азаяр емес. Бұл жолы назарға елдің Фуцзянь провинциясы ілінді. Аймақтағы ірі аяқ киім тігетін фабрикалардың бірінен өрт шығып, 30-ға жуық жұмысшы опат болды. Болжам бойынша, қызыл жалын ғимараттың шатырынан тұтанған. Ал өрт басталған сәтте кәсіпорында 250-ге жуық адам болған көрінеді. Абырой болғанда, құтқарушылар жедел әрекеттердің арқасында жұмысшылардың басым бөлігін эвакуациялап үлгерді. Жергілікті билік қайғылы оқиғаның себебін анықтауға кірісті. Ал мамандар жоғалған адамдарды іздестіре бастады. Себебі бірнеше жұмысшы әлі табылмай жатыр.

ОРМАН ӨРТІ ӨРШІП ТҰР

Ал бауырлас Түркияда соңғы уақытта оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Бұл жолы туристер көптеп баратын Бодрум аймағында орман өртенді. Тіпті қызыл жалынның күш алғаны соншалық, халық қоныстанған аймақтарға да қауіп төндірген. Жергілікті биліктің дерегінше, өрт Ортакент ауданындағы тоғайда тұтанған. Десе де құтқарушылар тілсіз жаудың тұрғын үйлерге қарай таралып кетуіне жол бермеді. Мамандар тәулік бойы қызыл жалынмен күресіп, ақыры өшіріп үлгерді. Төтенше оқиғаға бейжай қарамаған жергілікті тұрғындар да өртті сөндіруге атсалысқан. Бодрум әкімінің сөзінше, мамандар орман алқабын тәулік бойы бақылауға көшті. Оқиғаның себебін арнайы құрылған комиссия анықтайды.

ЕУРОПА ЫСЫП БАРАДЫ

Биылғы жаз Еуропа үшін сынаққа толы болатын сияқты. Себебі кәрі құрлықтың басым бөлігінде бірнеше аптадан бері аптап ыстық тіркеліп, мұндай жағдайға үйренбеген халық қайда барып бас сауғаларын білмей отыр. Жағдай әсіресе Пиреней түбегінде күрделі. Мәселен, Испания жағажайларында ине шаншар орын жоқ. Ал ауа райының тосын мінезінен егде жастағы кісілерге де қиын болды. Мәселен, Андалусия өңірінде бір тұрғын басына күн өтіп, қайтыс болды. Ал жаз басталғалы корольдік аймағында бес адам келмеске кетті. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бір айдың ішінде Испанияда 1100 адам медициналық мекемелерге ыстықтың кесірінен жүгінуге мәжбүр болыпты.

← Барлық жаңалықтар