Мазмұнға өту
· 11 қаралым

Аргентинаны әлем чемпионатынан алып тастауы мүмкін

Биылғы әлем чемпионатынан басты фавориттердің бірін қуып жіберуі мүмкін. Футбол жанкүйерлері Месси мен оның командасын ала доп аламанынан аластауды талап етіп жатыр. «Аргентина АУТ» деп арнайы ашылған сайттағы петицияға 4 миллионға жуық адам қол қойып үлгеріпті. Бар гәп — жоғарыдағы лауазымды тұлғалардың Аргентинаға болысып, барынша сүйрелеп жатқанында екен. Айтуларынша, ұйымдастырушылар қарсыластар мен күнтізбенің бәрін «Альбиселесте» ұжымына ыңғайлы етіп қойған. Сөйтіп, миллиардтаған жарнама әкелетін Лионель бастаған жігіттерді қалай да финалға шығару үшін барын салып жатыр-мыс. Әзірге Инфантино жетекшілік ететін қауымдастық өкілдері ләм-мим деп тіс жармай, беттерінен оты шығып, жер шұқып отыр.

АҚШ пен Иран шиеленісі

АҚШ пен Иран арасындағы жағдай қайта ушықты. Бұған Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына қатысты дау себеп болды. Тегеран теңіз жолын өз бақылауында ұстайтынын мәлімдеп, кемелерден төлем алуға құқы бар екенін айтса, Вашингтон бұл әрекетті халықаралық тәртіпке қауіп деп қабылдады. Сөйтіп, текетірес ақыры қарулы қақтығысқа ұласып, АҚШ Иранның 140-қа жуық әскери нысанына, оның ішінде әуе қорғанысы жүйелері мен зымыран инфрақұрылымдарына соққы берді. Иран да қарап қалмады. Американың Бахрейн, Кувейт, Қатар және Иорданиядағы әскери базаларын нысанаға алды. Бұрын бітімге дәнекер болған Оман бұл әрекеттерді айыптап, ал Біріккен Ұлттар ұйымы тараптарды сабырға шақырды. Осылайша екі ел соғысты тоқтатуға бағытталған уақытша келісім аясында келіссөз жүргізіп жатқанымен, Ормуз бұғазы мәселесі жағдайды ушықтырып жіберді.

Алапат өрт: 27 адам қаза тапты

Бұл Таиланд астанасы Бангкоктағы ең танымал барлардың бірінде болған алапат өрт. Аяқ астынан бұрқ ете қалған қызыл жалын 27 адамның өмірін жалмап кетті. Мерт болғандардың арасында 9 ер адам мен 18 әйел бар. Тағы алпыстан астам тұрғын зардап шекті. Тілсіз жаудың нақты неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Дегенмен, сол сәтте іште болған музыканттың айтуынша, сахна жанындағы электр ажыратқышынан түтін шыға бастаған. Қас-қағым сәтте жарық та сөніп, артынша тарсылдаған дыбыс естіліп, қызыл жалын ғимаратты түгел шарпып кеткен. Қазіргі таңда оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Еліміз Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

Ыстықтан халық қырылып жатыр

Ал Еуропада жұрт аптап ыстықтан қырылып жатыр. Жаз басталғалы 10 мыңнан астам адам көз жұмыпты. Мұндай жағдай кәрі құрлықтағы 27 елде болып жатыр. Германияның өзінде 5 мыңнан астам тұрғынның ғұмыры қиылғаны расталды. Ал Англия мен Уэльсте қалыптан тыс жоғары температура 2 мың 700 адамның өмірін үзген. Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Франция мен Бельгияда тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, аптап ыстықтан көз жұмғандардың басым бөлігі — 65 жастан асқан азаматтар.

15 адамның өмірін қиған апат

Вьетнамның Фукуок аралында 15 турист қаза тапты. Олар катерге мініп, теңіз саяхатына шыққаны сол еді, алып толқындардың екпінімен аударылып кеткен. Кеме бортында Үндістаннан келген 32 турист пен төрт экипаж мүшесі болыпты. Құтқарушылар оқиға орнына шұғыл жеткенімен, ажал жеткен жандарды аман алып қала алмады. Құтқару операциясына арнайы мамандар жұмылдырылып, тірі қалғандар қауіпсіз жерге жеткізілді. Қазіргі таңда апаттың нақты себебі анықталуда.

← Барлық жаңалықтар