Мазмұнға өту
· 34 қаралым

Құрылтай сайлауына қанша партия жіберілді?

Құрылтай сайлауына 7 партиядан 546 кандидат ұсынылды.

Алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға ресми тіркелген 7 саяси партия жіберілді. Бұл жайлы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов айтты. Оның сөзінше, 13 шілде күні кешкі алтыда партиялық тізімдерді ұсыну аяқталған. Жеті саяси ұйым депутат болғысы келетін 546 кандидатты ұсыныпты. Ең көбі «Әділетте» — 186 адам. Қалғандарындағы үміткерлердің саны 33 пен 76-ның аралығында. Ал партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде күні 18:00-ге дейін жалғасады. Құжаттарды қабылдау кезінде заңнама талаптары қатаң сақталған. Бұдан бөлек, заң бойынша әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін белгіленген 30 пайыздық квота да толық ескеріліпті.

НҰРЛАН ӘБДІРОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Белгіленген 30 пайыздық квота толығымен ескерілді. Бұл өте маңызды және бұл шеңбер содан төмен болмауы керек. Бұл заңның талабы, бұны ұмытпауларыңыз керек.

Заңға сәйкес, саяси додаға қосылған партиялар әр үміткер үшін 1 миллион 275 мың теңге жарна төлеуі тиіс. Алайда Парламент Мәжілісінің сегізінші шақырылымында болған партиялар бұл төлемнен босатылады екен. Осылайша жетеудің тек екеуі — «Әділет» пен «Байтақ» қана осы міндетті орындауы тиіс. Ал Құрылтай сайлауын өткізуге Үкімет резервінен 34,3 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаражаттың 70 пайызы сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақысына жұмсалмақ.

← Барлық жаңалықтар