Енді инсультты да жасанды интеллект анықтайды. Себебі адам көзбен көріп, шешім қабылдағанға дейінгі секундтардың бәрі санаулы. Дер кезіндегі дұрыс әрекет науқасты ажалдан арашалап, аяқ-қолын да сау сақтап қалуы бек мүмкін. Шымкент қаласында ауруханаларға ми жасушаларының өле бастауына дейін жеткізбей, инсультті ерте анықтайтын жасанды интеллект жүйесі енгізіліп жатыр. Компьютердің дәлдігі бірден оң нәтиже бере бастапты. Енді басталып жатқан инсульт белгілерін «Церебра» жасанды интеллектісі дәрігерге анықтап отыр. Яғни, науқастың бас миында инсульт басталып жатыр деп көрсетеді.
Шымкенттік ақ халаттыларға көмекке келген жасанды интеллект инсультті ерте анықтауға таптырмас жүйе болып тұр. Адам дертке шалдыққанда дәрігерлер арасында «алтын сағат» деп аталып кеткен бірнеше минуттық уақыт бар. Сол сәтті өткізіп алмай, дер кезінде қимылдайтын болса, ауыр жағдайдан адамды арашалап қалуға болады. Қазір осы жаңа технология барлық жұмысты жеделдетіп, ең бастысы диагнозды дұрыс қоюға септігін тигізіп жатыр екен.
59 жастағы Көбей Алданов жақында инсульт алып, аурухана төсегіне таңылған. Өмір бойына бұл дертті білмеген науқастың аяғы мен қолы бірден ұйып, өзін жайсыз сезініпті. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер дер кезінде көмегін көрсетіп үлгерген. Қазір науқастың жағдайы жақсарып, палата ауыстырылып, ақ халаттылардың бақылауында.
КӨБЕЙ АЛДАНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Инсульт сол үйде қолым ұйып бастады. Сол қол, сол аяқ. Жедел жәрдем шақырдық. Осы жерге келіп КТ, МРТ түсіріп, осындай диагноз қойды.
«Церебра» жүйесі мидың компьютерлік томография нәтижелерін автоматты түрде талдап, инсульттің алғашқы белгілерін анықтауда дәрігерлерге таптырмас көмек. Бұл диагностиканың дәлдігі мен жылдамдығын арттырады. Уақтылы қойылған диагноз және емнің ерте басталуы ми жасушаларын сақтап қалуға, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Десе де, жасанды интеллект дәрігерлердің орнын алмастырмайтыны әу бастан белгілі.
БАҚЫТЖАН ПОЗИЛОВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
«Церебра» жасанды интеллект орнатқаннан кейін бұл дәрігерлерге диагноз ретінде көмегі өте зор. Бірнеше секунд ішінде инсульт қай жерде болып жатқанын, ол қай ошақта болып жатқанын, оның көлемі, оның түрін анықтап береді. Анықтап бергеннен кейін шешім қабылдауға өте ыңғайлы. Себебі инсультта ең бастысы — уақыт.
Осыған дейін Шымкентте өзге ауруханада жасанды интеллект жүйесі енгізіліп, жұмыс істеп жатыр. Нәтижесі көңілге қонымды. Сондықтан болар, салаға жауаптылар жыл соңына дейін инсульт ауруын емдейтін мекемелерге осы жүйені енгізуді жоспарлап отыр екен.