Мазмұнға өту
· 9 қаралым

Сібір жарасының ошағында тұратын ауыл

Әкімдік рұқсатын беріп, жер бөлінді. Үй салынды. Мектеп те тұрғызылды. Көшелерге жол салынып, асфальт төселіп, жарық бағаналарына дейін орнатылған. Тіпті газ құбыры келіп тұр. Бірақ ол жерде тұруға болмайды. Алматы облысында осындай ауыл бар. Баспанасын салып болған жұрт не үйіне кіре алмай, не сата алмай қиналып отыр. Амалсыз, Президенттен көмек сұрады.

Талғар ауданына қарасты Еламан елді мекенінде халықтың алды өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері тұрып келеді. Бертінде талай адам осы маңнан жер телімін алып, баспана салған. Ал құжаттарын рәсімдеуге келгенде төбелерінен жай түскендей болыпты. Өйткені дәл іргелерінде аса қауіпті індет — сібір жарасынан қырылған малдар көміліпті. Ал Талғар ауданының сол кездегі шенділері учаске бергенде тіс жармапты. Жұрттың зығырданын қайнатып отырған да осы мәселе.

СЕРІК СМАСОВ, ЕЛАМАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл сібір жарасы 2012 жылы белгілі болған ғой деймін. Бірақ бұл жайында халыққа ешқандай, бір ауыз айтылмады. Лаборатория тексерістері жасалмады. Енді осыдан 3-4 жыл бұрын хабар келді, сібір жарасы деген. Енді бұл жерде 3 мыңнан астам тұрғын бар. Біраз ел үй салған. Оған құжат жасай алмай жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, ауылдың бір бөлігінде сібір жарасының ошағы бар деген акт 2012 жылы рәсімделген екен. Сол кезде оған жақын 1 шақырым аумақта ештеңе салуға болмайды деген шектеу енгізіліпті. Алайда бұл жайлы жұрт ештеңе білмеген. Қауіпті делінген аумаққа үйлер де түскен, көшелерге асфальт төселіп, жарық бағандары тартылып, газ құбырына дейін жүргізілген. Тіпті мектеп те салынған. Бірақ еламандықтар шектеудің ешқандай ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмей енгізілгеніне наразы. Сондықтан 14 жыл бұрын рәсімделген актіні қайта тексеруді талап етуде.

ЕРІК ҚАЛҚАЕВ, ЕЛАМАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2012 жылы шықты деген ауыз жүзінде айтылған, сол күйде өкімет тіркеп жіберген. Ал нақты зерттеуге адамдар келмеген. Ешқандай білім ордасы, институттар ешқандай келмеген. Бұрын бұл жерде КазНИВИ деген институт болған. Бүкіл Қазақстанға әйгілі опытно-хозяйственный институт болған.

Ал облыстық ветеринария басқармасының өкілі сібір жарасына шалдыққан малдардың көмілгені жайлы мәлімет 2015 жылдары анықталғанын жеткізді. Бірақ жер телімдері ошақ анықталғанға дейін беріліп кетіпті. Енді мамандар бұл жерге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, санитарлық қорғау аумағын қысқартуды көздейді. Алайда оған қолбайлау бар.

НҰРХАТ ЕСКЕНДІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Бұл вопрос қарастырылуда. Бір несі ұстап тұрған — ғылыми-зерттеулер жүргізуге методикасы жоқ та бізде. Оны Денсаулық сақтау министрлігі разрабатывать етеді. Біздің мәліметіміз бойынша осы жылдың күзге таман, сентябрь, октябрь айларында дайын болады.

Арнайы әдістеме әзірленгеннен кейін зерттеу жұмыстарына қаржы бөлу көзделуде. Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін ғана тұрғындардың үйлерінің құжатын заңдастыру мәселесі қаралуы ықтимал. Оған қанша уақыт кететіні белгісіз.

← Барлық жаңалықтар